Испания мен Германия құрамаларының жолдары ерте түйісті. Олар ЕУРО 2024 финалында ойнауға әбден лайық. Бірақ Луис де ла Фуэнтаның командасы немесе Юлиан Нагельсманның ұжымы жарысты ширек финалдан кейін-ақ тәмамдайды. Еуропа чемпионатының ең қызық матчында кім жеңіске жетеді? Soqqy.com редакциясы Испанияны фаворит ретінде көреді және сізді қазіргі «Фурия Рохамен» жақынырақ таныстырады.

Испания — Германия

5 шілде 21:00

Qazsport

Әлімжан Асқар, Дидар Қадыров

Испандарды кім жаттықтырады? Луис де ла Фуэнте Испания құрамасының бұрынғы ұлы бапкерлерінің ізін басуға және өз елін тағы да даңқ төріне шығаруға тырысады. «Атлетиктің» қосалқы құрамында бірнеше жыл жұмыс істеген соң, 2013 жылы ол жергілікті футбол қауымдастығына ауысты. Сөйтіп, U19, U21 және U23 құрамалары арқылы 2022 жылдың желтоқсанында ұлттық құрама бас бапкері лауазымына дейінгі барлық жолды басып өтті.   

Негізгі ойыншы: Родри. Жартылай қорғаушылардың үнемі жұрт назарында жүретін шағы сирек, дегенмен Родриді дәл қазір әлемнің үздік ойыншысы деуге болады. Табиғатынан дарынды, денелі және өліспей беріспейтін хавбек дер шағында, тәжірибесі де өте бай. Родри «Ман Ситидің» зор жеңістеріне бой үйреткен және құрамадағы әріптестеріне ісімен де, сөзімен де үлгі болуға дайын.  

Кімге назар аудару керек: Ламин Ямалға. Сіз испандарға жанкүйер болсаңыз да, болмасаңыз да, жаңа буынның ерекше талантты өкілі Ямалды көзден таса етпегеніңіз дұрыс. Еуро финалы қарсаңында ол небәрі 17 жасқа толады, солай бола тұра, ол турнирді Испания құрамасы сапындағы алты матчымен, екі голымен және екі гол пасымен бастады. Ямал клуб пен құрама үшін 50-ден астам матч өткізді, өзін тәрбиелеген «Барселонада» әдетте оң қапталға жауапты солақай ойыншы ретінде өнер көрсетеді және ең дарынды жастың бірі болып саналады. Еуро-2020 турнирінде Педридің жұлдызы жарқыраса, Германиядағы Еуропа чемпионаты Ямалдың жұлдызды сәті болуы ықтимал. 

Испания Еуро-2024-ке қалай шықты? Испаниямен салыстырғанда, Германия ғана Еуроның финалдық кезеңдеріне жиірек қатысты. Германияға жолдаманы испандар 15 қазанда Ослода Норвегияны бір доп айырмасымен қапы қалдырған соң жеңіп алды. Луис де ла Фуэнтенің командасы Еурода төртінші, яғни рекордтық жеңісіне қол жеткізуге тырысады. Бұл көрсеткіш бойынша қазір испандар немістермен бірінші орынды бөлісіп тұр.

 Мората капитандық белгі туралы: Бұл – ерекше мақтаныш сезімі. Туыстарым Испанияның Еуродағы соңғы екі жеңісінің біреуін иеленген 2008 жылғы менің суретімді жиі жолдайды. Мен жеңісті тойлаған адамдарға лық толы алаңда болдым. Құрама сапында ойнай бастағанда, күндердің күні үздік мергендер қатарында болуды немесе капитан атануды үнемі армандайсың. Ақырын жүріп, анық баса отырып, мен осы екі мақсатыма да жеттім.