«Астана» «Қайрат» пен «Ақтөбенің» сәтсіздігін сәтті пайдаланды
12 тур
«Атырау» — «Ұлытау» — 0:1 (Молдақараев, 21)
«Атырау» үшінші бапкермен де тығырықтан шыға алар емес. Мамыр айының соңында тізгін ұстаған Денис Мамоновтың жетекшілігімен «мұнайшылар» екі ойында да жеңілді. Жалпы, «Атырау» 2 турдан бері жеңіс дегенді ұмытты. Мамаоновтың басшылғымен өткізген екі ойында да қарсыластар қақпасына гол соға алған жоқ («Тобыл» — 0:5, «Ұлытау» — 0:1).
Осы ойын қарсаңында «мұнайшылар» сапынан екі грузин легионері – Гиа Чадунели мен Гиорги Гадрани кеткені мәлім болды. Маусым басталғалы 6 легионермен қош айтысты. Бұл селекцияның тым нашарлығы ма, әлде бапкерлердің әлсіздігі ме? Жаңа менеджмент неге команданы тығырықтан алып шыға алмай жатыр?
Осы ойын қарсаңында және бір жаңалық болды, бірақ ол әлі нақтыланған жоқ. Соңғы 2,5 маусымда «Атырау» тізгінін ұстаған, жақында аса жұмбақ жағдайда «Тұраннан» кеткен беларусь Виталий Жуковский «мұнайшыларға» қайта оралады деген сөз гу ете қалды. Қазір ұйыққа әбден батқан «Атырауды» құтқаруға Жуковский тәуекел ете ме?
«Ұлытауға» қарсы матчта жалғыз легионер – болгар Цветелин Чунчуков қана өнер көрсетті. Командадан одан басқа жалғыз легионер – грузиялық Заза Цкитишвили кететіні туралы еш сөз айтылған жоқ. Бір айналымнан соң «Атырау» да таза қазақстандықтардан жасақталған команда болып қала ма?
«Ұлытау» қатарынан 3 кездесуде жеңіске жетіп, ортаңқол ұжымдар қатарына енді. Ендігі бір жеңіс бұл команданы «Қызылжар» сияқты бел ортадағы командаға жеткзіуі мүмкін, ал бір сәтсіздік қайтадан турнир кестесінің етегіне лақтырып тастауы мүмкін.
Маусым басында екі ойында алаңнан қуылған ардагер шабуылшы Жасұлан Молдақараев осымен екінші кездесуде жезқазғандықтарға жеңіс әкеліп отыр. Ол 2 тур бұрын сырт алаңда «Ордабасы» қақпасына шешуші гол енгізген еді, бұл жолы «Атырауды» тізе бүктірді. Ардагер бабына енді ме, әлде «Ұлытау» маусым басында қатты сенім артқан ресейлік шабуылшы Николай Солодовников тым әлсіз бе?
«Ұлытау» бұған дейін екі рет ойыншысы алаңнан қуылған жеңілген еді («Оқжетпес» — 0:1, «Қызылжар» — 1:2). Бұл жолы 43 минутта Бекжан Ырзатаев қызыл қағаз алса да, жеңіс есебін кездесу соңына дейін сақтап қалды. Осыған қарап-ақ «Атыраудың» қазіргі өте осал команда екенін сезіне беруге болатын сияқты.
«Ұлытау» биылғы маусымда футболшыларының алаңнын қуылу көрсеткіші бойынша «Атырауға» жақындап («Атырауда» 4 қызыл қағаз), «Қайратпен» теңесті («Қайратта» 3 қызыл қағаз).
«Жетісу» — «Қайрат» — 2:2 (Ковель, 19, Серікқұл, 41 – Жоржинью, 36, Сорокин, 56)
«Жетісу» қатарынан екі тур 2:2 есебімен ойнады. Бір тур бұрын талдықорғандықтар «Қайсардан» 90+7 минутта гол жіберіп, жеңістен айырылып қалса, бұл жолы «Қайратқа» да екінші таймда есеп теңестіруге мүмкіндік беріп қойды.
Осы екі кездесуде де «Жетісу» қақпасына шешуді доптарды орталық қорғаушылар (Темірлан Мырзағалиев, Егор Сорокин) соқты. Самат Сымақовтың командасы қарсыластың қорғаушылары стандарттарға қатысқан кезде көбірек көз жазып қалатын әдет тауып алды. Дегенмен соңғы екі матчта «Жетісу» соққан 4 доптың үшеуі – қорғаушыларға тән.
«Жетісу» соңғы 4 кездесуде жеңілген жоқ, бірақ 1 ғана жеңіске жетті. Басқа 3 кездесуді тең нәтижемен аяқтады. Қазір бұл команданың еншісінде 7 тең ойын бар. Өткен маусымда талдықорғандықтар 24 кездесудің 3/1-ін тең аяқтап еді, яғни 8 рет тең ойын тіркеп еді. Биыл бұл көрсеткіш жаңаратын сияқты.
«Жетісу» сапында жарақаттан кейін Алан Чочиев пен Сослан Такулов оралды. Бірнеше тур бұрын Сымақов осындай тәжірибелі футболшылардың ойнай алмайтынына қынжылып еді. «Қайратты» шалындыру арқылы «Жетісу» жаңа сәттілік жолына түсті деп қабылдай аламыз ба?
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Оразбахтин айыпталған 4 кездесудің алғашқысында жеңіске жете алмады. Жалпы, алматылықтардың адымы ілбіп қалғаны да рас: соңғы 4 кездесудің екеуінде жеңілді, 1 рет жеңді, 1 рет тең ойнады. Өткен жылы мұндай нәтиежелерден кейін бапкерлердің «бас» тез ұшатын еді. Боранбаев шыдай ма? Оразбахтинге сенім қаншалық ұзақ?
«Қайратты» соңғы кездесулерде орталық қорғаушылар құтқарып жүр. Александр Мартынович 11 турда «Ақтөбеге» қарсы матчта есеп теңестіріп, алматылықтардың жеңісті жұлып әкетуіне алғышарт жасап еді. Бұл жолы Егор Сорокин есеп теңестірді. Бірақ қорғаныста осы екі ардагер ойыншы мүлтіксіз ойнап жүр дей алмаймыз.
«Қайрат» сапына бразилиялық Эдмилсон есімді еңселі футболшы келіп қосылды. Бұлдырықтай Жоржинью мен талантты Сәтбаевқа шынында да қиын болып жүрген еді. Енді Оразбахтин қандай таңдау жасауы мүмкін? Сәтбаев қосалқы құрамға сырғуы мүмкін бе?
Артур Шушеначев Қиыр Шығыстағы жағдайларға байланысты «Хапоэль» командасымен келісімшартын үзіп, қазір «Тараз» сапында бабын сақтау үшін жаттығып жүргені мәлім болды. Артур да денелі шабуылшы. Мүмкін оны «Қайрат» оны сапына қайта шақырып қалар. Әлде бұл жағдай мүмкін емес пе?
«Қызылжар» — «Ақтөбе» — 1:1 (Васильев, 86 – Өміртаев, 69)
«Қызылжар» бұл матчта мінез танытты: бір ойыншысы алаңнан қуылса да, ойын соңында есеп теңестіріп кетті. 42 минутта орталық қорғаушы Илия Мартиновичке төреші Сергей Ноженко қызыл қағаз көрсеткен еді.
Жалпы, «Қызылжарды» өте мінезді команда деуге болады: петропавлдықтар соңғы минуттарда гол соғып, осымен 7 ұпайға қол жеткізіп отыр. «Қызылжар» 6 турда – «Қайсардың» (Д.Зорич – тікелей айып соққысынан), 8 турда «Ұлытаудың» қақпасына (Себаи 90+3 минутта) жеңіс голдарын соңғы минуттарда соққан еді.
«Қызылжар» ойыншылары екі тур қатарынан алаңнан қуылды. 11 турда «Оқжетпеске» қарсы кездесуде – Глеб Валгушев, осы жолы Илия Мартинович қызыл қағаз алды. Жалпы, премьер-лиганың соңғы екі турында қызыл қағаз өте көп (9 қызыл қағаз).
Қанша мінезді команда десек те, «Қызылжар» да жеңіс дәмін татпағалы 4 тур болды (3 тең ойын, 1 жеңіліс). Милич Чурчичтің жолы болмай жүр деуге бола ма?
«Ақтөбе» тығырыққа тірелді. Ақтөбеліктер соңғы 3 турда 2 рет жеңіліп, 1 рет тең ойнады. Вячеслав Левчуктің қарқыны неге баяулап қалды?
Бұл ойынға жарақат және айыпталу салдарынан «Ақтөбенің» 6 ойыншысы (Қасым, Таңжарықов, Думбуйя, Сейдахмет, Рабиу, Ұмаев) қатыса алмайтыны ерте бастан белгілі болды. Фредди Гондола жақында командадан кетті. «Ақтөбенің» соңғы турлардағы сәтсіздіктері осыған байланысты деуге бола ма?
Петропавлға «Ақтөбе» 18 ойыншы ғана апарды. 3 ойыншы ғана алмастырды. Бұған дейін премьер-лига ойындарында мүлде төбе көрсетпеген Мирас Ұманиязов пен Ислам Әбілқасовты және қақпашы Игорь Трофимецті есепке алмасақ, қосалқы құрамда небәрі 4 ойыншы ауыстыратын мүмкіндік қалды. Левчук үш ойыншы ғана жаңартты.
Оралхан Өміртаев Қазақстан премьер-лигасында бір маусымда соққан голдар рекордын қайталады. Ол 2018 жылы «Шахтер» қатарында 4 рет мергендік танытты. Биыл маусым ортасында «Ақтөбе» қатарында 4 гол соқты. Өткен жылы Өміртаев Беларусь жоғары лигасында бір маусымда 10 голмен көзге түсті. Қазақстанда осы көрсеткішін жаңарта ала ма?
«Ақтөбе» келесі турда өз алаңында «Астананы» қабылдайды. Команданың нағыз мінезі, чемпиондық амбициясы осы кездесуде толық таразыға түседі.
«Тұран» — «Жеңіс» — 0:2 (Сәулет, 74, Адилио, 84)
«Тұранда» толық апокалипсис: осы тур қарсаңында командадан бас бапкер Виталий Жуковский және барлық легионер кетті. Бұған түркістандықтардың соңғы 3 турдағы жеңілісі де, ең бастысы, команда басшылығының бұдан 3 ай бұрын қабылданған заңның салқынын енді сезінгені де әсер еткені сөзсіз. «Қайсар», «Оқжетпес» сияқты командалар көрпесіне қарай көсіліп, қазақстандық ойыншылардан құрам жасақтауға кіріскенде, «Тұран» аузынан ақ май ағып отырғандай еркінсіген еді.
Енді Егор Хаткевич, Одилбек Әбдумәжидов, Руслан Юженков, Йован Пайович, Василий Совпель, Хуршидбек Мұхтаров, Шахбоз Омаров, Бехрруз Асқаров, Горан Милойко, Горан Милойко, Лука Згурский, Константин Дорофеев сияқты 12 легионер несібесін басқа жақтан іздейді. Олардың ФИФА-ға жүгінбесіне де сенім жоқ.
Команда неге ертең қиналуы мүмкін екенін біле тұрып, құрамға бір команданың негізгі құрамынан да көп легионер жинады? Жеңіле беретін командаға осынша келімсек неге керек?
Нәтижесінде «Тұран» тізгінін уақытша Ренат Абулин ұстап, негізгі құрамға кіл отандық футболшыларды шығарды. Қайрат Әбдімүтәліпов, Мирас Дүйсенқали, Нұрсұлтан Пердебай, Ерасыл Сәрсенбай, Дінмұхамед Серікұлы, Мирас Мұхамбетжанұлы сияқты жас футболшылар премьер-лигадағы алғашқы ойындарын өткізді. Енді «Тұран» турнир вестесінің соңында «Атыраумен» көрші болып жатса, жанкүйерлер таңдана қоймас.
«Жеңіс» қарсыласының осы алмағайып шағын сәтті пайдаланып, биылғы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Өткен жылы 12 турдан кейін «Жеңіс» еншісінде 2 жеңіс, 2 тең ойын, 8 жеңіліс болған еді. Биыл 1 жеңіс, 7 тең ойын және 4 жеңіліс. Демек, астаналықтар былтырғыдан жақсырақ өнер көрсетіп жатыр.
«Жеңіс» сапынан осы ойын қарсаңында португалиялық Гонсалу Тейшейра кетті. Ол небәрі 3 ойынға қатысты. Сөйтіп, маусым басталғалы астаналықтар 3 легионерді шығарып салды (Ердон Даци, Якоб Новак және Гонсалу Тейшейра). «Жеңіс» сапында да таза қазақстандық бағытқа ақырындап түсу жоспары іске асырылып жатқан сияқты. Бірақ маусым басталған соң келген Жиан Мартинш, Мика сияқты легионерлерді де ұмыт қалдырмайық.
«Астана» — «Оқжетпес» — (Камара, 29, Грипши, 33, Томасов, 37-пенальтиден, Ебонг, 57, Басманов, 86 – Йованович, 7, Цуцкич, 26)
«Астана» үшін матч өте сәтсіз басталды. Бірінші тайм ортасында көкшетаулықтар 2 доп соғып алға шыққан соң, «Астана» жарға қамалғандай еді. Дегенмен «Астана» матчтың тағдырын түгелдей өзгерте алды. Алғашқы тайм түгесілмей-ақ елордалықтар 3 доппен қарымта қайтарып алға шықты, екінші таймда тағы 2 рет көзге түсіп, ірі жеңіске жетті.
Осылайша . Осы турдан кейін 7 дүркін чемпиондар «Қайраттан» — 3, «Ақтөбеден» 4 ұпай ұзап кетті.
«Астана» соңғы 4 турда жеңіске жетіп қана қойған жоқ, ең нәтижелі футбол да көрсете бастады. «Ұлытау», «Жеңіс», «Елім-ай» және «Оқжетпес» қақпасына елордалықтар 13 гол соқты, демек, қазір әр ойын сайын кемі 3 голдан енгізіп жатыр деуге болады.
Марин Томасов премьер-лигадағы 90-голын соқты. Бұл көрсеткіш бойынша ол Азат Нұрғалиевпен теңесті. Жалпы, премьер-лига мергендері ішінде нәтижелілік жөнінен Томасов 11-орынға көтерілді.
Биыл Марин 7 голмен көзге түсті. Хорват легионері қазіргі премьер-лига
«Оқжетпес» фавориттерге қарсы ойындарды өте сәтті бастап, артынан өзі қорқып қалатын сияқты. 9 турда «Ақтөбе» қақпасына бірінші болып гол соғып, кейін 3 гол өткізіп алған еді. Бұл кездесуде Астанада 2:0 есебімен алда тұрып, өз қақпасына 5 доп жіберді.
«Астана» биылғы маусымда екінші камбәк жасап, бұл көрсеткіш бойынша алға шықты. Екі тур бұрын, 10 турда «Астана» елордадағы қарсыласы «Жеңістен» 1:2 есебімен жеңіліп тұрып, ойынды 4:2 есебімен аяқтаған еді.
«Оқжетпес» сапында «Астана» түлегі Даниил Подымский дебют жасады, бірақ бұрынғы командасынан 5 доп жіберді. Бұл Даниилдің жалпы премьер-лигадағы алғашқы матчы.
«Астана» — «Оқжетпес» матчы биыл ҚПЛ-дағы ең нәтижелі ойын болып тұр (7 гол соғылды). Бұған дейінгі нәтижелі матч та «Астана» еншісінде еді (10 тур. «Астана» — «Жеңіс» — 4:2).
«Ордабасы» — «Елім-ай» — 1:1 (Халматов, 85 – Ролон, 39)
Бұл кездесу қарсаңында да «Елім-айға» қатысты ақпарат әрқилы болды. Семейлік команданың қаржылық қиындыққа тап болғаны, осы мәселе бойынша Абай облысының орталығына ҚФФ президенті мен бас хатшысы арнайы барғаны туралы хабар көп ұзамай-ақ теріске шығарылды. Қалай дегенде де «Елім-ай» еркін өмір кешіп отырған жоқ.
Жақында семейліктер құрамынан Фейсал Мулич пен Эдуард Флореску кеткені мәлім болды. Алдағы уақытта барлық легионерлер де «Тұрандағы» шетелдік футболшылармен тағдырлас болып қалуы ықтимал деген сөз бар.
Алғашқы төрт турдағы сәтсіздіктен соң тур қатарынан жеңген «Ордабасы» қайтадан қарқынын бәсеңдетіп алды. Шымкенттіктер жеңіске жетпегелі үш тур болды, оның екеуінде «Ордабасы» тең түсті (11 турда «Жеңіспен» 2:2 болды).
«Ордабасы» екі тур қатарынан қарсыласынан бірінші болып гол жіберіп алып, есепті теңестірді. Дегенмен Андрей Мартин шәкірттері көшбасшыларды қатты ұзатып алды, енді қуып жету қиын болатын шығар.
«Елім-ай» 3 және 10 турларда қарсыластарынан («Тобыл» мен «Қызылжардан») бірінші гол жіберіп, сосын тең ойынға қол жеткізген еді. «Ордабасыға» қарсы енді өзі жеңісті ұстап тұра алған жоқ.
Өткен жылы бірінші айналымдағы матч та екі команда арасында дәл осындай есеппен (1:1) аяқталған еді. Семейде өткен кездесуде «Елім-ай» бірінші есеп ашып (3 минутта Тамб), «Ордабасы» есеп теңестірген-ді (13 минутта Дарбо). Биыл да осыған ұқсас жағдай тіркеліп отыр.
Мұратжан Халматов «Ордабасы» сапында 3 жылдан кейін қайта мергендік танытты. Ол 2022 жылдың 4 шілдесінде «Каспий» қақпасына дубль жасап, премьер-лигада бірден қос доппен көзге түскен еді. Бұл жолы Қазақстан құрамасына кандидат ойыншы «Ордабасыны» сәтсіздіктен сақтап қалды.
«Қайсар» — «Тобыл» — 1:1 (Жалмұқан, 38 – Вукчевич, 18)
«Қайсар» маусымның тасадағы көшбасшысынан ұпай жырып қалды. Қостанайлықтар бұған дейін ең аз ұпай жоғалтқан ұжым еді. Енді көшбасшылармен тең ойын өткізсе де, «Астанадан» аса алмайтын жағдайға келді.
«Қайсар» сапында жарақаты бар Қуаныш Қалмұратов пен өкпесі ауырған Айбар Жақсылықов бірден орала қоймайтыны белгілі еді. Дегенмен екі мықты ойыншы екінші таймда алаңға шығып, қатарға қосылғандарын көрсетті.
Бұл футболшылар жоқ кезде де «қасқырлар» нашар ойнаған жоқ. Қонақтардың бірінші гол соққанына қарамастан, «Қайсар» аз мүмкіндігінің өзін сәтті пайдаланды. Дидар Жалмұқан қарымта гол соқты. Дидардың премьер-лигада үш жыл гол соқпағанын ескерсек, биылғы маусымды өте нәтижелі өткізіп жатқанын байқауымызға болады. Ол осымен үшінші рет мергендік танытты және екі тур қатарынан қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды.
«Тобыл» Ғ.Мұратбаев атындағы стадионда ҚПЛ аясында өткізген соңғы 2 кездесуінде де жеңілген еді (2023 және 2024 жылдар). Сондықтан Жұмасқалиев шәкірттері үшін де жалғыз ұпай аз олжа болмаса керек.
«Қайсармен» тең ойнап, «Тобыл» осы турдағы фавориттер сәтсіздігін жалғастырды. «Ақтөбе» де, «Қайрат» та, «Ордабасы» да, «Тобыл» да тең нәтиже тіркеп, «Астананың» ұзап кетуіне мүмкіндік беріп алған сияқты.
12 турда 20 доп соғылды. Өткен турдан сәл аздау (11 турда 26 гол көрген едік). Бұл жолы қазақстандықтар 7 гол соқса, легионерлер 13 доппен көзге түсті. Өткен турда отандастарымыз 26 голдың 18-ін соққан еді.