ҮШ АРЫС ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

Грузия құрамасы Еуро-2024 додасында «айды аспанға шығарды». Іріктеу турнирінен тікелей жолдама иелене алмаса да, грузиндер Ұлттар лигасы ұсынған мүмкіндікті өте сәтті пайдаланды. Сөйтіп, құрлық додасында Түркия, Чехия және Португалия құрамаларымен бірге F тобына түсті. Алғашқы турда түріктерге қолда тұрған үш ұпайды сыйлағанмен, одан әрі Саньольдің командасы сақая түсті: чехтармен тең ойнады (1:1), Португалияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Өз тарихында тұңғыш рет ірі додаға шығып қана қоймай, Сакартвело сайыпқырандары осылайша плей-офф кезеңіне жолдама алды. 1/8 финалда Испанияны өз қақпасына доп соғуға мәжбүрлеп, 51 минутқа дейін жеңіп жатса да, Грузия ертегісі осы тұста аяқталды. 

Бірақ ешбір жанкүйер, ешбір маман бұл құраманы жамандауға, менсінбей сөйлеуге тырысқан да жоқ. Өйткені Вилли Саньоль жаттықтыратын құрама жалынды, жігерлі, шығармашылыққа және тәуекелге толы тамаша ойынымен зор ықыласқа ие болды.

Осындай зор ерліктен кейін грузин футболшыларына қызығушылық арта түскені заңдылық. Еуроаға қатысушы 26 ойыншының ендігі аяқ алысы бұрынғыдан да көп маманның, скауттың, агенттің назарында болатыны түсінікті. Бәрібір Грузия құрамасы осы дода арқылы өзінің кішкентай жұлдызшаларының үлкен жұлдыздарға айналуға дайын екенін аңғартты. Еуропа чемпионатына дейін негізінен Хвича Кварацхелияның аты жиі естілетін еді, енді оның қасына тағы екі футболшы қосылды.

Тарқатып айтайық.

Шабуылшы Жорж Микаутадзе осы сында қарсыластар қақпасына 3 доп соғып, Харри Кейн (Англия), Коди Гакпо (Нидерланд), Жамал Мусиала (Германия), Иван Шранц (Словакия) және Дани Ольмомен (Испания) бірге бас мерген атанды. Францияның «Лион» қаласында туған жігіт бұрын да нашар шабуылшы санатында емес еді. «Мец» сапында ол төрт жыл ойнады, арасында жалға берілді. 2022-23 маусымында Микаутедзе 23 голмен І лига сұрмергендерінің қатарынан көрінді. Өткен жылы «Аякс» аттай қалап алса да  ол Нидерланд Эредивизиінде тіпті көзге түсе алмады. Амстердамдықтар сапында Жорж небәрі 9 матчқа қатысты, онда да маусым басындағы «Фортунамен» (Ситтард) кездесуде ғана алаңда 90 минут өткізді. Жалқы гол да соққан жоқ. Дегенмен бұл нәтижесіздігі үшін Микаутадзені қатты жазғыруға да болмайды. Былтырғы маусымды «Аякс» өте сәтсіз бастады, тіпті біраз уақыт қауіпті аймақта да жүрді. Бапкерлер жиі ауысты, тек Вант Cхип келген соң ғана шаруа сәл түзелгендей болды. Мұндай кезде жас грузин шабуылшысына қатты сенім артып, оның қашан ашылатынын күтіп жүруге болмас еді. Ақыры қаңтар айында Жорж Францияның «Мец» командасына оралды, яғни жалға берілді. Мұнда 14 доп соғып, қайта жарқырады. Еуро-2024 оның спортық ғұмырындағы сәл көлеңкеленіп қалған тұсын қайта ашты. Жақында Микаутадзе «Лион» командасына ауысты. Трансфер құны 22,5 миллион доллар болды. Түрлі бонустарды есептесек, бұл сома тағы 4,5 миллионға өсе түсуі ықтимал. 

«Лион» өткен маусымда біраз шатқаяқтап, жаңа жылдан кейін ғана көшін түзеді. Енді кеткен есені қайтарып, қайтадан Франция футболының элитасына оралуды көздейді. Әуелде Микаутадзе «Монакоға» бет түзейді деген еді. Бірақ ақпарат тез өзгеріп, Жорж туған қаласында ойнайтыны белгілі болып отыр.

Екінші жұлдыз – Георгий Мамардашвили. Оның аса талантты қақпашы екені көп айтылып жүрді. Тбилисидің «Динамосынан» «Валенсияға» (Испания) жалға берілген қақпашы жұлдызды сәтін біраз күтіп, мықты қақпашылардың тасасынан шығуға айтарлықтай уақыт жұмсады. Өткен маусымда «Валенсияның» Ла Лигада жан сақтауына Мамардашвили қосқан үлес өте зор. Талантты қақпашыға біраз топ-клуб көз тіге бастап еді, Еуродан кейін ықылас білдірушілердің қатары көбейе түскені де өз-өзінен түсінікті. 

Еурода Мамардашвили 4 ойын өткізді. Топтық турнирде ол 21 сейв жасап, 2004 жылы латвиялық Александр Колинько жасаған рекордты қайталады. 1/8 финалда Испанияға қарсы ойында тағы 9 соққы қайтарды. 2000 жылғы Еурода тамаша ойнаған италиялық Франческо Тольдоның нәтижесін (30 сейв) ол осылайша қайталады. 

Еуро аяқталған соң, Transfermarkt сайты Мамардашвилидің әлемдегі ең қымбат қақпашыға айналғанын жазды. Қазір Георгий 45 миллион еуроға бағаланады. Оны қатарына тартуға «Милан», «Пари Сен-Жермен», «Челси», «Бавария», «Ньюкасл», «Атлетико» сияқты суперкомандалар қатты тырысып отыр. Әзірше оның ат басын қайда бұратыны белгісіз, дегенмен жаңа маусым басталғанда ол қарапайым «Валенсияның» емес, басқа бір топ клубтың нөмірі бірінші қақпашысы ретінде алаңға шығуы бек мүмкін. Еуродағы өнері Мамардашвилидің орны төрде екенін толық растады. 

Жақында Мамардашвили отау құрды. Ол тбилисилік модель Элен Эпиташвилимен некеге отырды. Жыл соңына қарай екі жас ата-ана атанып та қалады. 

Ал шынайы жұлдыз Хвича Кварацхелия «Наполиде» қала береді. Былтыр чемпион атағын қорғай алмаған, еурокубокте де ала-құла ойнаған неапольдіктер бәз қалпына түсуге, яғни А сериясының ортаңқол командасына айналуға сәл қалып еді. Лучани Спалетти тізгінді босатқан соң, оның орнын басқан мамандар шаруаны ұқсата алмады. Жаңа маусымға «Наполи» атышулы Антонио Контенің басшылығымен кіріспек. Жаңа бапкер Хвичаны өзінің идеясына қатты сендіре алған сыңайлы. Англия топ-клубтары, «Пари Сен-Жермен» жасаған миллиондық ұсыныстардан бас тартып, Хвича енді Контемен бірге А сериясында қайта атойлауды жоспарлап отыр.

«Наполи» Кварацхелияға бес жылдық келісімшарт ұсынып отыр. Оған қол қойса, Хвича жылына 5 миллион еуро жалақы алып отырады. Еуро додасын Хвича сәл солғындау бастап, кейін бауыры жазыла шапты. Топтық турнирдің ІІІ турында Португалия қақпасына соққан голы арқылы ол соңғы маусымдағы барлық сәтсіздікті артқа ысырып тастағандай болды.

Грузия құрамасы осы үш арысқа арқа сүйейді десек те, Еуропа чемпионатында Лука Лочошвили, Отар Какабадзе, Георгий Кочорашвили, Георгий Чакветадзе, Зурико Давиташвили сияқты футболшылар жаман өнер көрсеткен жоқ. Әр жылдары Қазақстан премьер-лигасында ойнаған Лаша Двали (бұрынғы «Ертіс»), Ника Квеквескири (бұрынғы «Тобыл») ауылда туындаған арманды Алмания жерінде асқақтатуға болатынын анық дәлелдеп берді. Қазір оларға ұсыныс жан-жақтан қаптап түсіп жатыр десек өтірік болар еді. Сол Кочорашвили, мысалы, әлі «Левантенің» сапында Ла Лигада жарқырап көзге түсе алған жоқ, екі маусымда небәрі 4 ойынға қатысты. Ал 33 жастағы Георгий Гвелесиани тіпті осы Еуро қарсаңында ғана құрама сапындағы алғашқы матчын өткізді. Қазір ол Иранның «Персеполис» командасында ойнайды.

Демек, Грузия құрамасы – ұшқынды жалынға айналдыра алатын тамаша команда. Оған Саньоль сияқты бапкер қажет болып жүргенін енді байқағандаймыз. Жаңа маусымда бейтаныстау грузин жігіттері жұлдызшаларға айнала бастаса, оған Еуро-2024 додасының ықпалы зор деп бағамдай береміз.