Футболдан Өзбекстан құрамасы ертең Париж олимпиадасындағы алғашқы матчын өткізеді. Қарсыласы – Испания құрамасы. Матч Астана уақытымен 18:00-де басталады. Өтетін орны – «Парк де Пренс» стадионы
Өзбекстан жастар құрамасы биылғы Азия кубогын өте жақсы өткізді. Топтық турнирде Малайзия, Кувейт және Вьетнам құрамаларынан толыққанды 9 ұпай алғаны өз алдына, өз қақпасына бірде-бір доп жіберген жоқ. Ширек финалдағы және жартылай финалдағы қарсыластарын (Сауд Арабиясы мен Иордания) бірдей есеппен – 2:0-мен тұқыртты. Осылайша Тимур Кападзе шәкірттері ақтық сынға 14:0 деген тамаша доп айырмасымен, еш ұпайды шашау шығармай шықты. Финалда оларды жапон самурайлары күтіп тұрды. Аса тартысты матч 1:0 есебімен Жапония құрамасының пайдасына шешілсе де, ортаазиялық өрендер өзбек футболының ең үлкен белесін бағындырды. Бұған дейін Өзбекстан ұлттық құрамасы да, жастар құрамасы да әлемдік футбол форумдарының финалдық кезеңіне шығып көрмеген еді.
Сондықтан да Париж олимпиадасы өзбек футболы үшін аса маңызды. Биылғы Азия кубогында Өзбекстан құрамасы ширек финалға жетті. 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі аяқ алысы да жаман емес. Бұл жолды өзбек жастары олимпиадаға шығу арқылы-ақ жаңартты десек те, Парижде олардың табысты ойнауы да аса маңызды.
Кезінде «Ақтөбе» командасында 3 маусым өнер көрсеткен, осы команданың 2013 жылғы әзірше соңғы чемпиондығына үлес қосқан, 2014 жылы Қазақстан суперкубогын жеңіп алған Т.Кападзе тамаша маман болып қалыптасты. Ол Өзбекстан жастар құрамасын 2023 жылдан бері тізгіндеп келеді. Олимпиялық құраманың соңғы тізімін ол 9 шілде күні жариялады. Жарақатына байланысты Әлібек Давронов («Насаф») тізімнен тыс қалды. Есесіне жасы 21-ден асқан үш футболшы қатарына Хуснуддин Әліқұлов («Ризеспор», Түркия), Остон Урунов («Персеполис», Иран) және Елдар Шамұрадов («Рома», Италия) енді. Шамұрадов – Өзбекстан құрамасы тарихындағы бас мерген (40). Ол жас әріптестерімен олимпиялық құрама сапында 3 ойын өткізіп үлгерді. Қазақстандықтар «Қайраттың» қорғаушысы Ибрагимхалил Юлдашевке де тілеулес болады. Биылғы маусымда Юлдашев оңтүстікастаналықтардың негізгі құрам ойыншысы саналады.
Жастар (олимпиялық) құрамасы десек те, Кападзе шәкірттерінің арасында ұлттық құраманың тұрақты мүшелері жеткілікті. Қақпашы Әбдіуахит Нематов, қорғаушылар Әбдіқадыр Хусанов, Мұхаммедқадір Хамралиев, жартылай қорғаушылар Диор Холматов, Аббасбек Файзуллаев, Хұсайын Норчаев үнемі құрама бапкері Сречко Катанецтің назарында. «Қайратта» сәтсіздеу ойнап, кейін «Нефтчиде» қайта жарқыраған Жасурбек Жалалиддинов те әні-міні ересектер арасында өзін көрсетуге дайын. Русланбек Жиянов пен Әбдірауф Бөриевтің де өте жақсы футболшы болып қалыптасып келе жатқанын байқау қиын емес.
Өзбекстан құрамасының мүмкіндігі қандай?
Әрине, алғашқы қарсылас өте мықты. Испания жастары Токио олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алды. Финалда олар Бразилияға қосымша уақытта 1:2 есебімен есе жіберді. Биыл Испания құрамасын тамаша ойын өрнегімен Еуропа чемпионы атағына жеткізген Луис де ла Фуэнте сол кезде олимпиялық құраманың бас бапкері еді. Бүгінде әлем футболының жұлдызы деп сеніммен айтуға болатын Унаи Симон, Пау Торрес, Эрик Гарсия, Педри, Микель Ойарсабаль, Дани Ольмо сияқты жігіттер сол командадан түлеп ұшты және биылғы Еурода да (Пау Торрес пен Эрик Гарсиядан басқасы) жарқырап көзге түсті.
Испания құрамасын Париж олимпиадасына Санти Дениа есімді бапкер бастап барады. Команда құрамында Ламин Ямал, Нико Уильямс сияқты жасы жағынан олимпиялық командаға жарайтын шеберлер жоқ. Есесіне Еурода 2 ойынға қатысқан Алекс Беэна («Вилярреал»), 1 ойында алаңға шыққан Фермин Лопес («Барселона») сияқты жас сайыпқырандар тіркелген. Санти ересек ойыншылар ешбір жұлдызды командаға қосуды жөн көрмеген сияқты. Бұл жолы жасы 23-тен асқан үштікке Хуан Миранда, Серхио Гомес және Абель Руис енгізіліпті. Олардың барлығы 24 жасқа биыл толды немесе толады. Танымал ойыншылардан Э.Гарсияны (қазір ол «Жиронада» ойнайды), Ион Пачеконы («Реал Сосьедад»), Кристиан Москераны («Валенсия») және Пау Кубарсиді («Барселона») атап өтуге болады.
Қалай дегенде де, испандарға қарсы бір ұпай алуға тырысса, кейінгі кездесулерде Өзбекстан құрамаcына сәл жеңілдеу болуы мүмкін. Өйткені келесі қарсыластары Египет пен Доминикан Республикасы – Өзбекстанның өзі деңгейлес командалар. 2023 жылдың 13 және 16 қазанында Өзбекстан жастар құрамасы Ташкенттегі Ұлттық стадионда Испания және Египет жастар құрамаларымен жолдастық кездесу өткізіп, 0:0 және 1:2 есептерін тіркеді. Яғни испандармен тең ойнады, египеттіктерден жеңілді. Бұл кезде олимпиада жеребесі тартылмаған, Өзбекстан жастар құрамасының Парижге жолдама жарысы әлі басталмаған кезең еді. Демек, Кападзе қолында қарсыластары туралы тәуір ақпарат бар.
Египет жастар құрамасының бір ойыншысы ғана (Омар Файед, «Нови Пазар», Сербия) шетелде ойнайды. Доминикан құрамасындағы жастардың басым бөлігі Испанияның төменгі лигаларында. Өзбекстан – Египет кездесуі – 27 шілдеде Нант қаласында, Өзбекстан – Доминикан Республикасы кездесуі 30 шілдеде Парижде өтетінін естеріңізге саламыз.
Бір үміт
Париж олимпиадасына 16 команда жолдама алды. Әр топтан екі үздік команда плей-офф кезеңіне шығады. Өзбекстан құрамасы С тобында жеңімпаз атанса, D тобының екінші командасымен кездесе алады (Жапония, Парагвай, Малия және Изариль құрамаларының бірі). Ал өз тобында екінші орынға ілінетін болса, D тобының жеңімпазына қарсы ойнауға мүмкіндік алады.
Кападзе олимпиада қарсаңында Ташкент облысында оқу-жаттығу жиынын өткізді. 11 шілдеде Францияға аттанып, жергілікті клубтық команданың бірімен және Жаңа Зеландиямен (3:1) жолдастық кездесулер өткізді.
С тобында Өзбекстан мен Доминикан Республикасының олимпиялық құрамалары ең тәжірибесі аз командалар қатарында. Екеуі де олимпиадаға тұңғыш рет шығып отыр. Ал Египет – 13-рет, Испания 11-рет қатыспақ.