«Реал» – Мбаппе дастанына нүкте қойылды. Сонау 2012 жылдан бері «қара балаға құда түсіп» жүрген патша клубы ақыры дегеніне жетті. Және қалай алды десеңізші! Еркін агент ретінде. Бас айналдырарлық ақша төлеген жоқ. Бірақ енді бас айналдырарлық жалақы төлейді
Әрине, Мбаппенің «Сантьяго Бернабеудегі» тұсаукесеріне 80 мың адам жиналғанын да біраз әңгіме өзегіне айналдыруға болар еді. Зинедин Зиданның арнайы қонақ болғанының өзі неге тұрады! Осы Зидан 2012 жылы 14 жасар Килианды Мадридке арнайы шақырып, сосын қасына ертіп алып, «Реалдың» «Вальдебебас» базасын аралатты. Тіпті бірнеше жаттығу да өткізді. Осы жаттығудың бейнеүзіктері Мбаппенің тұсаукесерінде арнайы көрсетілді де. Демек, тұлпарды тай күнінен таныған «Реал» енді өз саясатының қызығын көре бастайды.
2000 жылдардың басында корольдік клубтың шынайы атауы ұмытылып, жұрттың барлығы «галактикос» дейтін еді. Зидан, Луиш Фигу, Роналдо, Гути, Рауль, Давид Бекхэм, Кларенс Зеедорф, Фернандо Морьентес, Фернандо Редондо… Кім жоқ еді бұл ұжымда? Жарық жұлдыздың барлығы «Реал» аспанында тоғысып, жарқыраған шоқжұлдызға айналатынын көзімізбен көрдік.
Ал қазіргі «Реал» сәл бөлектеу. Бұл команда бапкердің данышпандығынан зау биікте тұр ма, әлде команданың ғажайып тарихы жаңа да жас футболшыларды өз-өзінен алға жетелей ме – біліп болмайсың. Қазір дайын жұлдыздардан кім бар? Жақында кеткен Тони Кроос, қартаймайтын Лука Модрич және суперқақпашы Тибо Куртуа демесеңіз, басқаларының бәрі – өсу жолындағы оғландар. Осы «сарыауыз балапандармен» Папа Карло, яғни Карло Анчелотти өткен маусымда бас айналдырарлық табысқа жетті. Шынын айтқанда, ол мерген орталық шабуылшысыз-ақ Ла Лиганы да, Чемпиондар лигасын да жеңіп алды!
Осы тұрғыдан келгенде, Мбаппе «Реалға» керек сияқты көрінеді. Иә, Хоселу Арабияға кетті. Винисиус Жуниор мен Родриго таза шабуылшы емес. «Килиан жарығым, келе қал да, орталық шабуыл шебіне орналас, енді голды бұрынғыдан да көп соғасың. Қорғанысқа алаңдама» дегің келеді.
Бірақ корольдік клубтың шабуыл шебінде біз ойлағандай бос орын бар ма? Папа Карло бәрібір бір құрбандыққа баруға тиіс.
Ла Лигадағы және Чемпиондар лигасындағы соңғы матчтарына қарасақ, «Реал» шабуылда екі нұсқамен ойнайды. Екеуінде де орталық шабуылшы жоқ. Бір нұсқа бойынша, Вини мен Родриго шабуылдың қара жүгін көтереді де, оларға екі қапталдан Феде Вальверде (оң жақ) және Джуд Беллингем (сол жақ) көмектеседі. Немесе Вини мен Родриго – алда, Беллингем – олардан сәл артта, ортада оларды Вальверде, Камавинга және Кроос демеп отырады. Мұндай жағдайда көбінесе орталық шабуылшы ретінде шабуылды аяқтау міндеті Беллингемге жүктеледі. Ағылшын вундеркиндінің Ла Лигада 19 гол соғып жүргені де – «Реалдың» шабуылдағы осындай әркелкі тактикасынан.
Енді Анчелотти алдында зор міндет тұр. Біз білетін Мбаппе негізінен сол қапталдағы вингер ретінде өте күшті. Жақында аяқталған Еуропа чемпионатында ол аса нәтижелі ойнай алған жоқ. Мұрны сынғаны себеп болды, Франция құрамасының ойыны жүрмеді, т.б. мың себеп келтіруге болады. Дегенмен қарсыластың «қалың» қорғанысын сөгу қажет болғанда, Килиан алдағы Маркус Тюраммен алмасып, орталық шабуылшы ретінде де тынбай ізденді.
Демек, «Реал» шабуылда Мбаппеге ғана сенім артатын болса, Родригоның негізгі құрамдағы орнына көбірек қауіп төнеді. Мұндайда вингер ретінде оң қапталға Беллингем ойысатын болса, Вальверде қайда кетеді? Әлде Вини Жуниорды қосалқы құрамға отырғызып, Папа Карло Родригоға тиіспей ме?
Екінші нұсқа: алда Мбаппе (сол жақ шабуылшы) және Родриго (оң жақ шабуылшы) ойнаса, орталық шепте керемет үштік тоғыспақ. Вини – сол қапталда (я вингер, я жартылай қорғаушы), Беллингем – ортада (өз орны), Вальверде – оң қапталда (негізінен жартылай қорғаушы). Бірақ бұл ұстанымның бір кәдігі бар. Беллингемге ондай жағдайда артқа шегіне ойнауға, яғни артқы жартылай қорғаушыға көбірек көмектесуге тура келеді. Оған Джуд шыдай ма? Кроос кеткен соң, оның орнын кім басады? Еуропа чемпионатында үздік ойыншы болып артқа жартылай қорғаушы (Родри) танылып жатқанын ескерсек, «Реал» Тчуамени, Камавинга сияқты еңбекқор ойыншыларды бос отырғызып қоймасы тағы белгілі.
Демек, Мбаппе келген соң Анчелоттидің жақсы мағынасындағы бас ауруы күшейеді. Бразилиядан Эндрик деген жас талант та келе жатыр. Лукас Васкес оқтаулы мылтықтай ол да дайын! Сонда шабуылды ұйымдастыратын және аяқтайтын осынша көп маржанды қалай тізбектеп қоюға болар екен, а?!
Біз жаңа маусымда асыға күтіп отырған «Реалдың» осындай қызығы бар.
Бірақ «Реал» «Реал» болғалы, жұлдыздарға орын табудан ешқашан мүдірген емес. Килиан да арман-командасының талассыз жұлдызы болады, оған күмән жоқ. Тіпті кезіндегі Кәрім Бензема сияқты «ұрын тоғыздық» ретінде шабуылдың барлық тұсынан көрініс беріп, бір өзі қарсыластың кем дегенде үш қорғаушысын үйіріп әкетіп, сол Беллингем, Винисиус және Родригоның бағын одан әрі ашпасына кім кепіл?! Оның үстіне жаңа ұжымда ол 9-нөмірлі жейде таңдап алды емес пе!
«Пари Сен-Жерменде» өткізген жеті маусымда Мбаппе барлық турнирлерде 308 матч өткізіп, 256 доп соғыпты. Корольдік клубта осы межені көздеп ойнайтыны да екібастан белгілі. Одан бөлек Мбаппенің санасының бір бұрышында «Чемпиондар лигасы» деген ашылмаған файл жатыр. ПСЖ сапында ол осы даңқты турнирдің финалында ойнап көрді. Бірақ жеңіп ала алмады.
Өкіл әкесі Зидан сияқты, ол да Мадридке келіп, аңсаған арманына қол жеткізе ме? Көреміз және күтеміз! Биыл ғана «Реал» Чемпиондар лигасын 15-рет иеленді. Мбаппе келген соң тағы жеңіп ала берсе… футболға обал болып кетпей ме?
Не десек те Мбаппе бала күнінен армандаған командасына қосылды. Алғашқы күні-ақ арнайы тапсырыспен тігілген 8 мың футболканы жанкүйерлер талап әкетті. Ендігі тапсырыс бір ай ішінде дайын болады екен. Фанаттардан түскен өтініште тіпті есеп жоқ.
«Оның қолында бәрі бар, ол тойынған» деуіңіз мүмкін. Шындығында бұлай емес. «Реалға» ауысқан соң ол спорттағы ғұмырына қауіп төндіреді демеспін, бірақ ол үйренген жылы ұясынан кетіп барады. Оған жаңа тәуекел қажет болғандықтан да сөйтті» деді Килианның анасы Файза Ламари.
Тәуекел түбі – желқайық. Желкенді қалай кере алады – Килианның өз қолында.