Осы аптада тағы бір командамыз үшін еуросапар аяқталды
«Тобыл»: бірнеше қадам артқа
«Тобыл» өз алаңындағы қарымта ойында Швейцарияның «Санкт-Галлен» командасынан 0:1 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шықты. Қостанайлықтар үшін мәселе 1:4 есебімен аяқталған алғашқы кездесуде-ақ шешілгендей еді. «Орталық стадионда» қанша тырысса да, Нұрбол Жұмасқалиев шәкірттері есе қайтаруға алғышарт жасай алған жоқ.
Осылайша, «Тобыл» биыл еурокубокта өткізген 4 кездесудің үшеуінде жеңілді, екеуінде қарсыласына ірі есеппен (2:5 және 1:4) есе жіберді, қақпасына енген голдың тең жартысын бұрыштамадан кейін өткізіп алды. Қазақстанның УЕФА коэффицентіндегі қоржынына «Тобыл» 0,5 ұпай ғана қосты. Бұл былтырғы көрсеткіштен (3,5) әлдеқайда төмен.
Еуропа лигасы іріктеуіндегі – 2, Конференция лигасындағы 2 кездесуде қостанайлықтар 4 доп соқты. Бірақ бәрібір оларға мерген шабуылшы жетіспейтіні көрініп тұрды. Годберг Купер трансферлік үзіліс кезеңінде командадан кетті де, жалғыз шабуылшы Давид Энен қалды. Ол маусым басынан бері нәтижелі ойнаған емес. Сондықтан «Тобыл» «Ружемберок» пен «Санкт-Галленге» қарсы шабуылға біресе Игор Ивановичті, біресе Ахмед әл-Мессаудиді пайдаланып көрді.
Қазақстандық клубтар Швейцария командаларынан еурокубоктарда осымен төртінші рет жеңілді. Әр жылдары «Базель» («Тобыл» мен «Қайрат») және «Янг Бойз» («Астана») командалары біздің ұжымдарды іріктеу кезеңдерінде және еурокубоктардың топтық турнирлерінде қапы қалдырды. Өткен жылы ғана «Тобыл» «Базельді» Конференция лигасының ІІ іріктеу кезеңінде жолда қалдыра алды (3:1 және 1:2).
«Астана»: бар сәтсіздік артта қалсын
Биыл қазақстандық клубтар Молдова командаларымен еурокубоктарда екінші рет кездесіп отыр. Чемпиондар лигасына іріктеудің І кезеңінде «Петрокуб» біздің чемпион «Ордабасыны» айналып өтсе (0:0 және 1:0), Конференция лигасының ІІ іріктеу кезеңінен жарыс жолына қосылған «Астана» соның есесін қайырғандай болды.
Астаналықтар апта бұрынғы кездесуде Орхей қаласында «Милсами» командасымен тең ойнап қайтқан-ды. Онда да орхейлік қорғаушы Данни Лупано соңғы минутта бұрыштан (!) көтерілген допты қақпаға баспен кедергісіз соғып, есеп теңестіріп кетті. Қарымта кездесу Алматыда өтті. 7000-нан сәл астам адам жиналған кездесу тағдырын ардагер Марин Томасов шешті. Ол 49 минутта әдемі шабуылды баспен түйіндеді.
Бұл – Томасовтың еурокубоктардағы 17-голы. Осы көрсеткіш бойынша хорват вингері қазақстандық клубтардың еурокубоктардағы бас мергені атағын нықтай түсті. Қазақстандық командалар сапында еурододаларда 15 және 11 рет мергендік танытқан Патрик Твумаси мен Жерар Гоу қазір Қазақстанда доп теппейді. Томасовты өкшелеп келе жатқандар тым артта: Бауыржан Исламхан «Ордабасы» сапында «Дифферданжға» пенальтиді дәл соққанда, оның көрсеткіші 7 гол болар еді. Әзірше 6 доппен тоқтап тұр. Ал биыл еурокубоктарға қатыспайтын Дмитрий Шомко мен Роман Муртазаев (екеуі де «Елімайда») 6 рет мергендік танытқан.
«Астана» биыл Қазақстан кубогынан ерте шығып қалды, премьер-лигада да жағдайы мәз емес. Лига кбуогы мен еурокубоктарда нәтижесін жақсартса, осы маусымды аса сәтсіз деуге болмас.
«Ордабасы»: «шықпа, жаным» шықпамен»
Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Петрокубке» жол берген соң, «Ордабасы» Конференция лигасына сырғып, «Дифферданждан» сырт алаңда жеңіліп қайтты. Қарымта кездесу драмаға толы болды. 4:3 есебімен ойын барысында жеңіп, ойын соңындағы пенальтиде де дәл сондай есеппен басым түсіп, жанкүйерін отқа да, суға да салған шымкенттіктер шын мәнінде мәселені қиындатпай-ақ шешуге болар еді. Алайда қосымша уақытта белгіленген алғашқы пенальтиді Исламхан енгізе алмады. Ал ойын соңындағы пенальти сериясында Қазақстан құрамасының қақпашысы Бекхан Шайзада нағыз қаһарманға айналды. Ол Людовик Рауш, Джанлука Бей және Адхам әл-Ыдырыси сияқты ойыншылар тепкен пенальтиді қайтарып, «Ордабасыны» келесі кезеңге алып шықты.
Бұл – қазақстандық клубтар биыл қатысқан екінші пенальти сериясы. Конференция лигасының І іріктеу кезеңінде «Ақтөбе» «Сараевомен» (Босния және Герцеговина) 0:1 және 3:2 есептерімен тең ойнап, ойын соңындағы пенальтиде 3:4 есебімен жеңілген.
«Ордабасы» өз тарихында бірінші рет еурокубоктардың ІІІ іріктеу кезеңіне жолдама алып отыр.
«Дифферданжбен» кездесуде команда капитаны Асқат Тағыберген биылғы маусымда барлық турнирлердегі алғашқы добын соқты. Ал қорғаушы Сағадат Тұрсынбай еурокубоктарда алғаш рет мергендік танытты. Ол соңғы кездесулерде «Ордабасы» сапында үш турнирде (Лига кубогы, премьер-лига және Конференция лигасы») гол соғып көзге түсті.
Ендігі қарсыластар кімдер?
Конференциялар лигасының ІІІ іріктеу кезеңінде «Астана» Румынияның «Корвинул» командасымен кездеседі.
«Ордабасының» келесі қарсыласы – «Пюник» (Армения). Ширактықтар бұған дейін «Астанадан» бір рет жеңілді (2016 ж. Еуропа лигасының І іріктеу кезеңі. 1:4, 0:2) және «Тобылды» бір рет жолда қалдырды (2018 ж. Еуропа лигасының І іріктеу кезеңі. 1:2, 1:0). Жалпы армениялық клубтар еурокубоктардың іріктеу кезеңдерінде 7 рет жолықты (Есеп – 5:2).
Алғашқы кездесуін «Астана» Румынияда, «Ордабасы» Алматыда 8 тамызда өткізеді.
Қазір УЕФА коэффицентінде Қазақстан 40 орында. «Ордабасы» мен «Астананың» жеңісінен кейін біздің еншімізде 1,250 ұпай бар.