
Қазақстан кубогы
1/8 финал
12-13 сәуір
Бұл кезеңге премьер-лига клубтары түгелдей және іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары «Каспий» мен «Хан-Тәңірі» де қосылды. Кезең жалғыз матчтан тұрады, яғни жеңген ұжымдар бірден ширек финалға жолдама алады.
«Ұлытау» — «Елім-ай» — 0:3 (Плакка, 39, 50, Жұмаханов, 45+1)
Бір апта бұрын ғана екі ұжым ҚПЛ-дың 4-туры аясында кездесіп, онда да семейліктер 3:0 есебімен басым түскен еді. Ең қызығы, сол мачта да Плакка мен Жұмаханов гол соқты. «Елім-ай» бұл жолы қонақта ойнағанына қарамастан, қарсыласынан анағұрлым шебер команда екенін дәлелдей алды.
Екі команданың бас бапкері де ойынға қатты мән беретінін байқатты. Бір апта бұрынғы ойынмен салыстырғанда негізгі құрамда ішінара ғана өзгерістер болды. Екінші таймда да сақа футболшылар командаластарын алмастырды.
Бұл матчта «Елім-ай» сапында Асан Байғалиев дебют жасады. Ол 81 минутта орталық жартылай қорғауды Давид Майкомды алмастырды.
«Ұлытау» қанша тырысқанмен, әзірше премьер-лигада тұрақтап қалу мақсатын орындауда да қиналатын сияқты.
«Елім-айдың» жартылай қорғаушысы Серікжан Мұжықов Қазақстан кубогы аясындағы 39-матчына қатысты. Бұл көрсеткіш бойынша ол қазір ойнап жүрген алаңдағы футболшылардың ішінде «тобылдық» Асқат Тағыбергенмен тең. Оларды осы жолғы кубок ойындарында 37-ойындарын өткізген Тимур Досмағамбетов («Оқжетпес») пен Абзал Бейсебеков («Астана») қуып жетуі мүмкін.
«Ұлытау» өз тарихында бір рет қана Қазақстан кубогының ширек финалында ойнады. 1996 жылы жезқазғандықтарды осы кезеңде қазіргі қарсыласы «Елім-ай» екі ойын қорытындысында 1:2 және 3:1 есептерімен тоқтатты.
«Қызылжар» — «Қайсар» — 1:0 (Нойок, 90+2)
Екі команда үшін де маусым ауыр өтетіні қазірден белгілі болып тұр. Солтүстікқазақстандықтардың мәселесі қат-қабат: төрт тур тізгін ұстаған беларусь маманы Александр Бразевич команданы өрге жетелей алмай орнын босатты, осы матчқа Юрий Чухлеба дайындады. Қаржы мәселесі де шатқаяқтап тұр.
«Қайсар» соңғы турда «Ақтөбеден» үмітсіз жеңілді. Қызылордалықтар таза қазақстандық футболшыларға сенім артқанмен, биыл жуан ортада жүруге де қиын болатыны байқалады. Өткен жылы да қызылордалықтар 1/8 финалдан аса алмай, «Тобылдан» ірі есеппен (0:3) есебімен жеңілді.
«Қызылжар» мен «Қайсар» ойыны да аса көрнекті бола қойған жоқ. 4-турда «Тұранға» қарсы матчта көп қателессе де, Чухлеба қақпа кілтін тағы Мирослав Лобанцевке тапсырды. Ал «Қайсар» 44 жастағы Александр Мокинге бірінші минуттан сенім артты. Дәл осы Мокин Қазақстан кубогы ойындарында 48-матчқа қатысып, рекорд жаңартқаны болмаса, жеңіліске тікелей кінәлі деуге болады. Кездесу енді болмаса қосымша таймға жалғасқалы тұрған сәтте Мокин Олександр Нойоктың алыстан тепкен айып добын дәл алдынан жіберіп алды.
«Қызылжар» өткен жылы да ширек финалға шығып, «Елім-айға» жол берген еді. Биыл да дәл сол сценарий қайталануы мүмкін. Екі команда да бұл жолы ширек финалда жол түйістірмек.
Бүгін «Қызылжарға» бас бапкер болып серб маманы Милич Чурчич бекігені белгілі болды. Николай Панин ескі танысына тағы сенім артты.
«Қайрат» — «Каспий» — 3:0 (Зариа, 9, 45-екеуі де пенальтиден, Сәтбаев, 53)
1-2 лига командалары арасындағы іріктеуден өтіп, осы кезеңге еңбек сіңіріп жетсе де, І лига өкілдері «Каспий» мен «Хан-Тәңірі» сапарын осы тұстан тұжыруға тура келді.
«Каспий» бірден «Қайраттың» азу тісіне ілінді. Екі рет айып алаңының ішінде қорғаушылар қолмен ойнап, пенальти белгіленді. Екеуін де Георгий Зариа мүлтіксіз теуіп, текетірес тағдырын толық шешіп қойды.
Екінші пенальти кезіндегі «қайраттықтардың» өзара дауы назар аударарлықтай. Әуелі нүктеге Офри Арад жақындаған еді, бірақ доп ақыры Зариаға бұйырды. Бұған Арад қатты ренжіді. Команда ішінде түсініспеушілік бар ма?
Екінші таймның басында алаңға шыққан Дастан Сәтбаев тағы көзге түсті. Ол премьер-лигадағы алғашқы матчында «Астанаға» қарсы қалай көзге түссе, Қазақстан кубогында да бірінші ойынында бос кеткен жоқ. Оның алыстан тепкен добы қақпа торынан табылып, матч жеңімпазы жайлы мәселені толықтай шешті деуге болады.
Сәтбаев жаңа маусымда өткізген түрлі турнирлердегі 7 матчта (оның ішінде құрамадағы 2 ойыны да бар) 4 гол соғып отыр.
Бұл ойында «Қайраттың» бас бапкері алаңға көп шықпай жүрген Темірлан Анарбеков, Александр Мрынский, Александр Широбоков, Исмайыл Бекболат, Олжас Байбек сияқты жас жігіттерге сенім артты. Лев Кургин екінші таймда алаңға шықты.
Ал «Каспий» құрамына қарап, биылғы І лиганың бірден-бір фавориті деуге болатындай. Күні кеше премьер-лигада доп тепкен Берік Айтбаев, Еркебұлан Нұрғалиев, Нұрғайни Бөрібаев, Бауыржан Байтана, Жақып Қожамберді, Марат Шахметов сияқты тәжірибелі жігіттер маңғыстаулықтарды кубокта болмаса да, І лигада алға сүйрей алатын сияқты.
«Тұран» — «Атырау» — 2:0 (Стасевич, 6, Милойко, 31)
«Тұран» ойын сайын түлеп, «Атырау» ойын сайын кері кетіп бара жатыр. ҚПЛ-дың соңғы турында «Тұран» сырт алаңда «Қызылжардан» жеңісті жұлып әкетсе, «мұнайшылар» өз алаңындағы екі кездесуде де төрт голдан жіберіп, ойсырай жеңілген еді («Ақтөбе» — 0:4, «Қайрат» — 1:4).
«Тұран» бұл кездесуде ойын тағдырын бірінші таймда шешіп тастады. Кезінде «Атырауда» ойнаған Игорь Стасевич 6 минутта есеп ашты. Игорь соңғы 3 кездесуде 3 гол соқты. Ардагер ойыншы Қазақстанда өткізген екі маусымда мұндай нәтижелілік көрсеткен емес.
Өткен жылы Қазақстан кубогының финалына жеткен «Атырау» биыл сапарын ерте аяқтады.
Дегенмен «Тұранның» бас бапкері Виталий Жуковский негізгі құрамға лайық 14 футболшымен толық маусым өткізе алмасы анық. «Атырауға» қарсы ойында да ол негізгі құрамға аз ғана өзгеріс жасады. Ерасыл Сәрсенбай, Қуаныш Дүйсенбекұлы сияқты жас футболшыларды соңғы минуттарда ғана шығарды. Сағи Мәлікайдар, Тұрар Асанбек, Ерасыл Сәрсенбай сияқты талантты футболшылар хаттама тіркелуді ғана көңілге медет тұтып қалмаса деңіз.
Маусым басталғалы капитандық міндетін сәтті өткеріп жүргенмен, шабуылшы Абылайхан Жұмабек «Тұран» сапында әлі мергендік танытқан жоқ. Қазақстандықтар арасынан түркістандықтардың негізгі құрамында осы Жұмабек пен Әбинұр Нұрымбет қана жүр.
«Атырауда» кадрлық мәселе өте көп. Негізгі қақпашы Арсен Сиукаевтың қатесі өте көп. Оны бұл матчта Нұрасыл Тоқтаров алмастырып, бірсыдырғы жақсы ойнады. Ал Юсуф Саидәлиев, Кәрім Смыков сияқты футболшылар екі жылда енді ғана қосалқы құрамнан алаңға шығуға бір мүмкіндік алды.
«Хан-Тәңірі» — «Ордабасы» — 0:2 (Эвертон, 25, Жимо, 47)
І лига командаларының Қазақстан кубогындағы сапары осымен аяқталды. «Хан-Тәңірі» жаралы «Ордабасыға» жол берді.
Шымкенттіктерге бұл жеңіс жақсы әсер етуі мүмкін. ҚПЛ-да бұл команда 4 ойында жалғыз доп соғып, 2 ұпаймен соңғы орындарда тұр. Сондықтан маусымдағы алғашқы жеңісі Андрей Мартин командасына аса қажет еді.
Матч «Ордабасыға» аса ауыр соққан жоқ. Бірінші таймда Эвертон есеп ашты, екінші тайм басында Жимо есепті еселеді. Жимо гол соққанда тәжірибелі қақпашы Рамиль Нұрмұхаметов те, Әлішер Рақымжанов та қатты қателесті.
Дегенмен шымкенттіктер өздеріне мәселе ойлап таппаса басы ауыратын ұжымға айналған сияқты. Ойынның соңғы минутында Никола Антич болмайтын жерден екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Бұл – «Ордабасының» биылғы маусымдағы екінші қызыл қағазы. ҚПЛ-дың ІІ турында «Қайратқа» қарсы ойында Вячеслав Швырев алаңнан қуылған еді. Оған қоса «Ордабасы» ойыншылары бұған дейінгі 4 ойында 7 ескерту алды. Жаңарған команда дөрекілікке көбірек сүйене ме?
«Ордабасының» өз түлегі Жасұлан Әмір осы ойында өте сенімді ойнады. Қақпаға да бірнеше соққы жасады.
Келесі кезеңде «Ордабасы» «Қайратпен» кездеседі. Нағыз майдан осы болатыны күмәнсіз.
«Оқжетпес» — «Астана» — 1:1 (Мұхамед, 21 – Кәрімов, 64), пенальтиден 7:8
Ойын өрнегі көптің көңілінен шығып жүрген «Оқжетпес» маусымның бірден-бір фавориті «Астананы» айтарлықтай састырды. Ойын соңындағы пенальтиден ғана есе жіберді.
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян бұл матчта қосалқы құрамдағы Абзал Бейсебеков, Йосип Чондрич, Марат Быстров, Нұрәли Жақсылық, Александр Марочкин, Станислав Басманов сияқты футболшыларға мүмкіндік берді.
«Оқжетпес» бапкері Андрей Феропонтов қақпашыны ғана алмастырды. «Тобылмен» кездесуде нәтижелі қателік жіберген Олексий Шевченконың орнына Қажымұқан Төлепберген оралды. Қажымұқан матчты өте сенімді өткізді.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев қатты сенетін Алияр Мұхамед бұл матчта есеп ашты. Қызығы сол, Алияр бұған дейін премьер-лигада 1 ғана гол соқты (60-тан астам ойын), ал кубоктағы 15 ойында алтыншы голын соғып отыр. Демек, кубок Мұхамедтің сүйікті турнирі деуге болатын шығар.
Рамазан Кәрімов былтыр «Астанаға» оралған кездегі алғашқы голын Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Жеңістің» қақпасына соғып еді. Биыл да алғашқы голы кубокта тіркеліп отыр.
Ойын соңындағы пенальтиді екі команда сапынан 16 футболшы тепті. Нүктеге соңғы болып келген Бексұлтан Шәмшінің жай соққысын Чондрич қайтарып, «Астанаға» ширек финал жолдамасын сыйлады.