Испания – Англия. Еуро-24 финалдық кездесуіне превью

2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалы осы жексенбі, 14 шілде күні Берлин қаласындағы Олимпиаштадионда өтеді. 

Испания мен Англия құрама деңгейінде 27 рет кездесті. Испаниялықтар – 10рет, ағылшындар 13 рет жеңіске жетті, 4 ойын тең аяқталды. Командалар соңғы рет 2018 жылы Ұлттар лигасы аясында ұшырасты (2:3). 

Құрлық додасында екі құрама 1996 жылы ¼ финалда күш сынасты. Негізгі және қосымша уақыт тең аяқталып, ойын соңындағы пенальтиде Англия 4:2 есебімен басым түсті.Сол ойында Англия құрамасының бас бапкері Гарет Саутгейт негізгі құрамда (№6) шықты.

Англия Испанияны соңғы 7 ресми кездесудің бесеуінде жеңді. Испания Англияны соңғы 7 ресми кездесудің біреуінде ғана тізерлетті.

Испания

Испания финал фавориті саналады. 2001 жылдан бері бұл елдің құрамасы да, клубтық командалары да Чемпиондар лигасының, Еуропа лигасының, клубтар арасындағы әлем чемпионатының, Ұлттар лигасының бірде-бір финалында жеңіліп көрген жоқ! Яғни 26 финалда да жеңіске жетті. 

Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Ламин Ямал жартылай финалда Франция қақпасына доп соғып, Еуропа чемпионаттары тарихында гол соққан ең жас футболшы атанды (16 жас 362 күн). Финалдан бір күн бұрын Ямал 17 жасқа толды. Сондай-ақ Ямал Еуроның немесе әлем чемпионатының жартылай финалында өнер көрсеткен ең жас футболшы рекордына да түзету енгізді. Бұған дейінгі рекорд 1958 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында алаңға шыққан даңқты Пелеге тиесілі еді (17 жыл 244 күн).

Дани Ольмо француздарға гол соғып, Еуропа чемпионаттарының үш матчында қатар гол соққан алғашқы футболшы атанды.

Француздармен кездесуде Хесус Навас Еуроның финалдық кезеңінде алаңға шыққан испаниялық ең егде ойыншы атанды (38 жас 231 күн).

Финалда ойнаса, осы үш футболшы да өз рекордтарын жаңарта алады. 

Финал Испания құрамасының сұрмергені Альваро Мората үшін құрама сапындағы соңғы матч болуы ықтимал.

Англия

Англия Еуро-2024 турнирінің плей-офф кезеңінде үнемі кеш гол соғып келеді: Швейцарияға – 80, Нидерландқа – 90, Словакияға 90+5 минуттарда шешуші доп енгізді. 

Ең қызығы, осы голдардың барлығы – ойын барысында ағылшындардың қақпаға бағыттаған алғашқы тура соққылары. 

Англия Еуро финалдық кезеңдерінде 13 матч бойы негізгі уақытта жеңілмей келеді. 

Англия 1/8, ¼ және ½ финалдарда қақпасына бірінші доп жіберіп алып, жігерлі жеңіске жеткен алғашқы құрама болды. 

Гарет Саутгейт Еуро финалына қатарынан екінші рет шыққан үшінші бапкер болып отыр. Оған дейін германиялық Хельмут Шен мен Берти Фогтс осындай жетістікке жеткен еді. 

Англия футбол қауымдастығы Еуро-24 финалының нәтижесіне қарамастан, Саутгейтпен келісімшарт мерзімін ұзартуға ықыласты. Тараптар алғашқы келіссөздерді жүргізіп үлгерді. 

Англия құрамасы – Еуропа чемпионатының финалына қатарынан екінші рет шыққан алтыншы құрама. Оған дейін КСРО  (1960, 1964), Германии (1972, 1976; 1976, 1980; 1992, 1996) және Испания (2008, 2012) құрамалары осындай нәтиже тіркеген еді.

Бұған дейін небәрі 24 футболшы Еуропа чемпионаттарының екі финалында ойнады. Жақында бұл қатарға Джордан Пикфорд, Кайл Уокер, Джон Стоунз, Киран Триппьер, Люк Шоу, Деклан Райс, Харри Кейн және Букайо Сака қосылуы мүмкін.

Харри Кейн Еуроның плей-офф кезеңдерінде соққан голдарының санын 6-ға жеткізіп, француз Антуанн Гризманның рекордын жаңартты. 

Харри Кейн, Англия құрамасының шабуылшысы:

«Финалға барар жол өте ауыр болды, бірақ алда әлі бір матч бар. Барлығыңызға қолдағандарыңыз үшін зор алғыс, команда үшін оның маңызы өте зор. Жартылай финал тым қиын соқты, бірақ біз өте жігерлі ұжым екенімізді тағы дәлелдей алдық».

Төреші

35 жастағы француз Франсуа Летексье финалдық матчқа төрелік етеді.

Ол – 2017 жылдан бері FIFA төрешісі. Ірі форумдарда биыл тұңғыш рет қазылық жасады. Биылғы Еурода Летексье топтық турнирдегі Хорватия – Албания (2:2), Дания – Сербия (0:0), 1/8 финалдағы Испания – Грузия (4:1) матчтарында бас қазы міндетін атқарды.

Финалда Летексьеге отандастары Сириль Мюнье мен Меди Рамуни көмектеседі. 

Дерек

Финалда Англия құрамасы жеңіске жетсе, Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған оныншы команда болмақ. Бұған дейін әр жылдары КСРО, Германия, Италия, Испания, Чехословакия, Дания, Франция, Грекия, Португалия құрамалары топ жарды.

Англия жеңсе, 2016 жылғы Португалиядан кейін Еуроның бас жүлдесін алған екінші жаңа құрама атанады.