Англия — Словакия матчында 90+5 минутта ғажайып гол соғып, дүйім жұртты елең еткізген Джуд Беллингемге жартылай финалда да зор сенім артылып отыр. Гарет Саутгейттің есепке негізделген ойынын түрлендіруге тиіс футболшы Еуроның басты екі матчында жарқырап, «Алтын доп» алуға жақындай түсуі керек
Джудтың футболға келуі қызық әңгіме. Оның әкесі Марк Беллингем де футболшы болған. Полициядағы қызметінен бөлек Англиядағы нон-лигаларда өнер көрсеткен. Марктың мансабы 1994 жылы басталған. «Челмсфорд» сапында ойнап жүргенінде клубтың қосынынан 250 шақырым алыстағы Дадлиде орналасқан Вулверхэмптон университетіне түсіп, сонда да футбол ойнауын доғармай, ары-бері қатынап жүрген. Алайда жаңа бапкер жаттығуға аптасына екі рет қатысуды бұйырған соң, уақыт тапшылығын қаперге алып, клубтан кетуді ұйғарады. Одан кейін де Марк бірнеше командада тер төкті. 20 жылдан астам уақыт полициядағы қызметі мен футболды қатар алып жүрді. Тізе байламын екі рет үзіп алса да, тоқтамады.
Нон-лигада оны Криштиану Роналду деп атаған. Сөйтіп «ағылшындық Роналду» қырықтың қамалын алған шақта, 2015/16 жылғы маусымда, мансабымдағы голдар санын 700-ге жеткізіп, футболды қоямын дейді. Ол үшін 38 гол соғу қажет болған. Маусым аяғында 36 гол болып, межесіне түбі жетуі үшін тағы бір маусымға қалады. Сөйтіп 700 голдан да асырды. Білетіндердің айтуынша, полицядағы жұмысы болмағанда, Марк мықты кәсіпқой футболшы болғандай екен.
Міне, футболға деген махаббат, сүйіспеншілік Джудқа әкесінен дарыған. Алайда бірден емес, басында Беллингем әкесі мен досы Фил Вулдридж негізін қалаған «Стоурбридж Джуниорс» балалар командасында ойнайды. Бірақ мүлде қызықпапты.
«Әкем мені ылғи нон-лигалардың матчтарына апара беретін. Ал мен түк түсінбейтінмін. Қызықсыз болды», – деп ескеле алады Джуд.
Дегенмен алты жасында бәрі түбегейлі өзгерді. Футболға деген ойы түрленіп, бапкерлер оның өнеріне сүйсіне бастады.
Джуд Виктор Уильям Беллингем 2003 жылы маусымның 29 жұлдызы Стаурбриджде қаржылық жағдайы тұрақты Марк және Дениз Беллингемдердің отбасында дүниеге келген. Осыдан кейін нағыз тарих басталды.
Беллингем тегіне ұқсас «Бирмингем» командасында ойнағысы келеді. Кішігірім арманы орындалып, сегіз жасында «Бирмингем» академиясына қабылданады.
Джуд өз құрдастарынан әлдеқайда мықты болып, 14-15 жасында-ақ «Бирменгемнің» U18 және U23 командаларында ойнайды. Негізгі команда сапындағы алғашқы матчын 2019 жылдың 6 тамызы 16 жас 38 күн дегенде өткізеді. Ал 31 тамыз «Сток Сити» қақпасын тулатып, «Бирмингем» тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды.
Осындай рекордтарымен және керемет ойынымен топ-клубтардың назарын өзіне бірден аударды. Алғашқылардың бірі болып көз тіккен «Ливерпуль» болады. Тіпті академиясына қабылданып тұрған. Мерсисайдтық клуб тоғыз жастағы Джудты екі күндік қаралымға шақырып, ойыны ұнап, академияға қабылдайтын болып шешеді. Алайда Беллингемнің әке-шешесі бала үйден алыстауға әлі жас деп ауысым орын алмай қалады.
14 жасына дейін Джуд бірнеше топ-клубтың академиясында болады. Тек Англияның командалары ғана емес, Еуропаның азулы ұжымдарының көпшілігі оны жіті бақылап жүрді. Солардың бірі «Барселона» еді. 2017-2020 жылдар аралығында каталондық клубтың скауты болып қызмет еткен Борха Кркич басшылық пен Джудтың әкесіне кездесу ұйымдастырады. Бірақ Марк кездесуге келмей қойған екен. Тек «Барсаға» емес, бірнеше клубқа осылай істепті.
10-11 жасында Беллингемнің мектептегі шығармаға «Англия құрамасы мен «Барселонада» ойнағым келеді» деп жазғанын да айта кеткен жөн. 15 жастағы кезінде Джудқа «Манчестер Юнайтед» қызығушылық танытады. Бірақ олардың да беті қағылды. Бұл соңғысы емес. Ал 2019 жылы «Аякс» қатарға қосқысы келіп, Эдвин ван дер Сардың өзі келіссөз жүргізеді. Алайда ата-анасы балаларының дамуына қауіп төндірмес үшін Англияда қалуды ұйғарады.
2020 жылы Беллингемге талас қыза түсті. «Боруссия» баланың көңілін аулау үшін ойын формасын жіберіп, база мен «Сигнал Идуна Паркке» экскурсияға шақырады. Джудты көндіру үшін осы сынды бірнеше дүниелер істейді. Бірақ бәскелестер де қарап қалмады. «Бавария» тікелей «Бирмингемге» қоңырау шалып, уақытты соза тұруларын сұрайды. Фрэнк Лэмпард «Челсимен» «Стэмфорд Бриджде» кездесу ұйымдастырады. «Манчестер Юнайтед» базасына шақырды. Оны көндіру үшін клуб Алекс Фергюсон, Эрик Кантона және Оле-Гуннар Сульшерді де іске қосады. «Лестер» мен «Вулверхэмптон» да өз бақтарын сынап көрді. «МЮ» «Бирменгемге» де, Беллингемге де барлығынан екі есеге көп ақша ұсынды. Алайда соңғы сөзді әкесі айтып, түбі Джуд 30 млн еуроға «Боруссияға» бұйырды. Ал «Бирмингем» негізгі командада бір ғана толық маусым өткізген Джуд үшін 22-ші нөмірді қолданыстан алып тастады. 22-ші нөмірді таңдауының себебі «Бирмингемдегі» бір бапкерінің «Джудтың онда, сегізде және төртте ойнай алатын қабілеті бар» дегенінен екен. 10+8+4=22!
Джуд «Бирменгемнен» кеткенімен, Беллингемдер отбасы кетпеді. Өзі сияқты талантты және болашағынан үлкен үміт күттіретін інісі Джоб командада қалып, негізгі құраммен жаттығып, ойындарға да шығып жүрді. Сөйтіп оған да «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль» сынды клубтар қызығушылық таныта бастады. Бірақ ұлдарының бірден аспандағы айды алғанынан қаламайтын әкесі басқа да бапкерлермен ақылдасып, «Сандерлендті» таңдады. Ағымдағы маусымда 14 матчқа қатысып, екі гол соғып, бір нәтижелә пас берді. Болашақта ағасымен бір клубтың намысын қорғауы да бек мүмкін.
2020 жылдың 23 шілдесінде «аралардың» жейдесін киді. Араларында ешқандай алшақтық болмас үшін анасы Дениз Джудпен бірге Германияға қоныс аударады. Ал әкесі інісі Джобпен бірге Бирмингемде қалды. Өйткені екеуі үшін балаларының ата-ана жылулығымен өсуі, қарындарының тоқ, көйлектерінің көк екенін қадағалау маңызды болды. Осылайша екі жаққа бөлінді. Марк Джобтың Джуд сияқты топ-клубтар тамсанып, таласардай ойыншы болуы үшін жаттығуын қадағалап жүрді. Ал Дениз Дортмундта Беллингемнің төсегін салып, тамағын пісіріп, ештеңеге алаңдамауы үшін бар жағдайын жасады. Осындай үлкен жетістікке жету үшін әке-шешесінің еңбегі зор.
«Боруссия» сапындағы алғашқы матчын 2020 жылдың 14 қыркүйегінде «Дуйсбургке» қарсы өткізіп, дебют голын да соғып, клуб тарихында гол соққан ең жас ойыншы (17 жас, 77 күн) атанды. Бірақ кейін рекордын Юссуфа Мукоко жаңартты. Қазан айында Чемпиондар лигасындағы тұсауын кесті. Осылайша команданың негізгі ойыншыларының біріне айналды.
Сол кездегі ойынына таңғалған Хосеп Гвардиола «Боруссияға» қарсы Чемпиондар лигасы ¼ финалының матчынан кейін «Мүмкін ол бізді жасына қатысты алдап жүрген болар. 17 жастағы футболшы үшін ол тым мықты. Ғаламат ойыншы. 17 жасында-ақ алаңда көшбасшы болып жүр», – деген еді.
2020 жылдың 10 қарашасында тұңғыш рет Англия құрамасына шақырту алып, үш күннен кейін алғашқы матчына қатысты. 2021 жылы Еуро-2020 додасында бақ сынып, күміс жүлдегер атанды. 2022 жылы Әлем чемпионатында ойнап, өкінішіне қарай, Англия ширек финалда Францияға 1:2 есебімен есе жіберді.
«Боруссияда» Джуд өзін техникалық және физикалық жағынан дамытты. Осыған дейін өзіне ұнамаған денесі ірілеп, бұлшық еттері былқылдап, кез келгенмен допқа таласа алатын жағдайға жетті. Командада да, жанкүйерлер арасында да абыройы асып тұрды. 2022 жылы 19 жасында-ақ капитандық белгіге ие болды. Қазан айында «Севильяға» қарсы матчта (4:1) Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас капитан атанды. Сол заматта мұндай рекодтарды ол бірінен кейін бірін тіркеп жатты.
2023 жылдың ақпанында Беллингем Бундеслигада 50 жеңіске жеткен ең жас (19 жас, 235 күн) ойыншы атанды. Сол маусым команда үшін де, Джуд үшін де тамаша өрбіп жатты. «Боруссия» жеңістен жеңіске жетіп, чемпиондыққа бұрынғыдан тым жақын еді. Соңғы турда «Майнцтан» басым түссе, 2012 жылдан бері алғаш рет Бундеслигада топ жарайын деп тұр. Бірааақ 2:2 тең ойнап қалып, тағы да «Баварияның» мерейі үстем болды. «Сигнал Идуна Парк» стадионына жиналған 81 мыңнан астам жанкүйермен бірге Беллингемнің де өкініштен өзегі өртенді. Сөйтіп «сары-қаралар» сарыла күткен чемпиондыққа қол жеткізе алмай, Беллингем «Боруссиядағы» мансабын бір трофеймен аяқтады. 2020/2021 жылғы маусымда Германия кубогын жеңіп алған еді. Жалпы дортмундтық клубтың жейдесінде 132 ойынға шығып, 24 гол соғып, 25 нәтижелі пас берген.
Беллингемнің кумирі – Стивен Джеррард. Сол үшін де Джеррард Дортмундқа келіп, жеке өзі «Ливерульге» ауысуға көндіремін деп жүрген. Бірақ бұл жолы да жолдары болмадыү
2023 жылдың 14 маусымында «Реал» дүйім жұрт күткен Джудты 103 миллион еуроға сатып алды. Трансфер бірден орын ала салған жоқ. Басқалар сияқты «Реал» да Беллингемді бұрыннан бақылап жүрді. Бірақ орайлы сәтті күтіп, 2023 жылы тыңғылықты түрде кірісті. Қос тарап төрт айдың ішінде он рет кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісіп, бір-бірін егжей-тегжейлі зерттеп, сәуір айында Беллингем тәуекелге бел буып, «Реалға» ауысуға келісімін берді.
Трансфердің құны тым жоғары болғандықтан, көпшілік «Азардың кебін кимесін» деген секілді пікірлер білдіріп жатты. Алайда Джуд «Атлетикке» қарсы алғашқы матчынан-ақ қарсы болғандардың ауызына құм құйды. Қазіргі таңда «Реал» жейдесінде 14 ойынға қатысып, 13 гол соғып үлгерді. Үш нәтижелі пасы да бар. 20 жастағы жұлдыздың өнеріне іші тар еместердің барлығы таңдай қағуда.
«Ерекше таланты бар топ-ойыншы. Осынша гол соққанына өзі де сене алмай жүрген секілді. Ол үшін қуаныштымын және осымен тоқтап қалмай, өсуін жалғастырады деп сенемін», – деді Лука Модрич.
Басқа ойындарда көзге түскені бір бөлек, алғашқы «эль-класикосында» жасындай жарқырағанын айтсаңызшы. Жеңіліп жатқан «Реалды» аяғынан тік тұрғызып, дубль жасап, бүкіл әлемді ғаламат соққы жасаған аяғына қаратып қойды.
30 қазан Парижде мұқым жұртқа белгілі футболшылар жиналған «Алтын доп» табыстау рәсімінде 2023 жылдың ең үздік жас ойыншы атанды. Биылғы мақсаты – «Алтын доптың» өзін алу. Дегеніне жете ме? Ұлттық құрамасының алдағы екі ойынын шешуші фактор болмақ.