Бұл Еуроның финалистері турнир барысында қандай әралуан әсер қалдырды десеңізші! Бір жағынан — Англия. Қашан ғажайып көрсетеді деп күткен команда. Құрамында апта сайын тамаша голдарымен және шеберлігімен көзге ілінетін сиқыршылар болса, басқаша болуы мүмкін бе? Бірақ ғажайып оркестр орындауындағы шоудың орнына, біз турнир кестесінде сықырлаған, тіпті әйнек үстін пышақпен қырнағандай тым жағымсыз дыбыс шығаратын әлдебір қозғалыс көргендейміз. Нидерланд құрамасымен алғашқы таймда ғана ағылшындар жарқын да көз қызықтырар футбол ойнай алатынын көрсеткен сияқты. Бірақ бұл бір сәттік эмоциялық ұшқын ғана болғандай.

Драма на 91-й минуте: Англия хлопнула Нидерланды и снова вышла в финал Евро - РИА Новости Спорт, 11.07.2024

Екінші жақта — тики-такадан жоғары қапталдық футболға бірден ойысқан Испания. Мұнда шабыт та, қауіпті сәттер де, әдемі голдар да, ең бастысы, еркіндік пен жастықтың күмәнсіз идеалы Ламин Ямал да бар. Мұндай командаға өз-өзіңнен жанкүйер болғың келіп тұрады. Испания нәтиже жолында сезім мен көркемдікті құрбандыққа шалған жоқ. Ол өз футболынан айнымады, сонысы үшін де тағдыр сыйына қол жеткізді.

Англия болса, осы Еурода жалғыз меже — бас жүлдені қалайда жеңіп алу міндетін ғана көріп тұр. Жанкүйерлерді жандыру да қажет емес, әдемі голдармен және комбинациялармен есте қалып не керек?! Англия үшін ең бастысы, өз футболыңның ұзаққа созылып кеткен бас жүлдесіз тарих парағын жабу маңызды. Арыстандар күмәнсіз фаворит саналмаса да, тәжірибе жүзінде табысқа жетуге мүмкіндігі жоғары екенін нақты деректер айғақтайды.

Мұның бірнеше себебі бар:

1. Саутгейттің командасы бар күшін әлі сарп етпеді. Ол өз әлеуетінің 50%-ын да пайдаланбағаны, толық күшін анда-санда ғана іске қосатыны көрініп тұр. Турнир бойы біз бұл команданы іш пыстыратын ойыны үшін жазғырып келдік, бірақ қажет болған кездің бәрінде ағылшындар дегеніне жетіп жүрді. Испания болса, ресурсын молынан пайдаланып, қолында бардың бәрінен аянып қалған кезі жоқ. Бұл құрамның толық әлеуетін барынша пайдаланып келе жатқаны Луис де ла Фуэнтенің атына айтылған мақтау десеңіздер де болады, бірақ бүкіл турнир бойы, әсіресе өзіңді 90 емес, тіпті 120 минут қамшылауға тиіс финалда аса жоғары қарқынмен ойнауға Испанияның шамасы жете ме?

2. Екінші тармақ біріншісінен келіп шығады — Англия қарсыласынан нашар көрініп тұрған ойында да жеңіске жете алады. Оларға өз шеберлігін барынша қосып, гол соғып, шаруаның орайын келтіру үшін он минут та жеткілікті. Немесе Словакиямен және Нидерланды құрамаларымен кездесулердегідей, соңғы минуттарда нәтижеге қол жеткізу машығын іске қоса салады.

3. 3-4-2-1 таза англиялық сызбасы испандардың күшті жақтарын бейтараптандыруға өте ыңғайлы. Ағылшындр қапталдарда бірін-бірі сапалы түрде сақтандыра алса, Ямал мен Уильмястың алдында ашық кеңістік қалмасы анық, ал Моратаға үш қорғаушының назарын бірден өзіне аудару қиын болуы мүмкін. Екі «ондықтың» — Фоден мен Беллингемнің допсыз сәттердегі ретті қимыл-қозғалысы алаңның ортасын тас қып ұстап, қарсыластың ойын барысын бақылап отыруына мүмкіндік бермейді.

Сборная Англии победила команду Нидерландов и вышла в финал ЕВРО‑2024

Бірақ мұның бәрі — рационализм, бұрын да көргеніміздей, іске эмоция мен ішкі жалын араласқанда, рационализм заңдары әрекет ете алмай қалады. Футбол — осы бір өмірлік қарама-қайшылықтарды көзбе-көз тамашалауға мүмкіндік беретін тамаша сахна. Бүгін біз біз идеализмнің немесе прагматизмнің салтанатын көреміз. Финалдың тікелей трансляциясы QazSport арнасында 23:50-де басталады!