Унай Симон – әлсіреген Испания қорғанысының басты үміті

Испания Францияға қарсы жартылай финалда қорғаныстағы қиындықтарына қарамастан ойнауы керек. Робен Ле Норман Еуропа чемпионатында сары қағаз көп алуына байланысты, ал Дани Карвахаль Германияға қарсы матчта алаңнан қуылуы себепті жартылай финалға қатыса алмайды. 

Мұндайда испан елі Унай Симонға үміт артты. Құрамында ылғи жұлдызды қақпашылар бой көрсететін Испанияның соңғы кездегі ерекшелігі де сол – Симонды әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың қатарына қоса алмаймыз.

Унай Алавадағы Мурхия ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл Баск Елінің оңтүстігінде орналасқан. Тиісінше Симон футболдағы ғұмырын “Атлетик Бильбаомен” байланыстырды. Алғашында шабуылда ойнап көрген.

“Бала кезімде гол соғып, оны түрлі-түрлі тойлауды ұнататынмын. Менен мықты шабуылшы шығар ма еді, тек еріншектігім құртты. Бапкер ойында белсенді болмағанымнан, бойымның ұзын екенін сылтауратып, мені қақпаға қойды. Допты қайтарамын деп, ұшып құлау маған қатты ұнап қалды. Тек әр матчтан кейін анашым жейдемді жуып тұруға қиналатын болды” – дейді Симон.

 

Голкипер Ла Лигадағы алғашқы матчын 2018 жылдың тамызында өткізді. 21 жастағы қақпашы құрамнан ойып тұрып орын алды. Симонға сәттілік те серік болды. “Атлетиктің” сол шақтағы негізгі қақпашысы Кепа Аррисабалаганы Лондондағы “Челси” клубы рекорд саналған 80 млн еуроға сатып алды. Екінші қақпашы Яго Эррерин жарақат алып қалды.

“Басында бас бапкер Бериццо маған сенім артпады. Сондықтан басқа клуб іздеуге көштім. Тіпті “Эльчемен” келісімге де келіп үлгердім. Енді кетейін деп жатқанымда, Кепа “Челсиге” ауысқанын естідім. Сосын Яго да жарақат алып қалды. Ұят та болса айтайын, жағдай осылай өрбігеніне қатты қуандым” – деп сол кезді Унай күліп еске алады.

 

Унай үшін көшбасшылардың жоқтығы таптырмас мүмкіндік болды. Сөйте тұра, баскілік қақпашы 7 матчта 13 гол өткізіп алды. Эреррин жарақатынан айығып, ойынға қайта оралғанда, бәрі қуанды. Симон, үмітті ақтай алмай, қосалқы құрамда қалды.

Екінші мүмкіндігін Симон мүлт жібере қоймады. Эрерриннің ойыны күрт нашарлағанда Унай орнын басуға дайын тұрды. Сөйтіп, 2019/2020 жылдардағы маусымды негізгі қақпашы ретінде бастады. “Барселонаға” қарсы ойында гол өткізбей, жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді.

“Унай мықты ойнап кетті. Тіпті Кепаның жоқтығын ұмытып та қалдық. Жас та болса, қысымға шыдап, суырылып шыққанына ырзамын” — деп “Атлетиктің” бұрынғы қақпашысы Горка Ирайсос қуанышын жасырмады.

 

Осыдан бес жыл бұрын “Атлетикте” негізгі қақпашы атанған Унай Симон, содан бері білігіне шүбә келтірмеді. 170 матчта баскілердің қақпасын қорғады.

Унай Испанияның барлық құрамында (U-16, U-19, U-21) ойнаған. Олимпиада да өнер көрсеткен, 2015 пен 2019 жылдары жастар арасындағы Еуроны да жеңген.

Ұлттық құрамада бір уақытта Касильяс, Рейна, Вальдес сияқты мықтылар ойнаған заман артта қалды. Ізбасарлары Де Хеа мен Кепа Испания жейдесінде клубтағы деңгейін көрсете алмады. Оған қоса, қазіргі қақпашылардан сұрайтын бірнеше критерийлерге сай келмеді. Испанияның бас бапкері Луис Энрике аяқпен сенімді ойнайтынды іздеді.

Энрикенің көзі Симонға түсті. Таңдауы қисынсыз көрінген. Өйткені Унай “Атлетикте” аяқпен шебер ойнайтын қақпашы емес-ті. Дегенмен Луис бапкер оны құрамаға шақыртып, жеке дара жаттығулар өткізді. Жас футболшы бас бапкердің талаптарын бірден үғып алды. Симонның жарқырауына Энрике тікелей септігін тигізді.

Симон Испания сапындағы алғашқы матчын 2020 жылы 11 қарашада Нидерландқа қарсы өткізді. 8 айдан кейін Еуро 2020 турниріне қатысты. Еуропа біріншілігі 2021 өткені де Унай үшін жақсы болған екен. О кезде Кепа “Челсиде” құлдырап, Де Хеа “Манчестер Юнайтедтегі” орнын Дин Хендерсонға беріп қойған. Еурода Симон Швейцарияға қарсы матчта ерледі. Луис Энрикенің үмітін ақтады. 2022 жылғы Әлем чемпионатына барғаны да заңдылық іспетті.

Биылғы Еуроға Испанияны Энрике емес Луис Де ла Фуэнте жасақтады. Жаңа бапкер біраз өзгеріс әкелгенімен, Унайдың кандидатурасына күмән келтірмеді. Онымен таласа алатын Испанияда қақпашы да қалмады.

Симон ауыр жүкті абыроймен көтеріп келеді. Тіпті жарақатына да мән бермейді. Білегі ауырсынатынына қарамастан Германия алаңдары айрықша ойын үлгісін көрсетіп жүр. “15 шілде күні дәрігерге қаралып, қолымды емдеп аламын. Бұл туралы мен финал біткен соң ғана ойланамын” — деді Симон.

Ал сол финалда Унайды ойынын көреміз бе? Францияға қарсы матчта жан алысып, жан беруі керек. 

Толығырақ...