Алыптар шайқасы. Испания — Франция матчына превью
Титандардың тағы бір кездесуі. Бұл жолғы майдан — Мюнхенде. «Ла Роха» бұл турнирде жараған аттай көз суырады — испандар бес ойынның барлығында да жеңіске жетті, ал басқа ешбір команда мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Испания соққан доп (11), жасаған соққы (102) және допты қайтарып алу көрсеткіші (230) бойынша алда келеді. Бұл Луис де ла Фуэнте шәкірттерінің қорғаныста да, шабуылда да шебер ойнайтынын айқын аңғартады.
«Менің ойыншыларым ерекше, — деп шаттанды де ла Фуэнте Германияны 1/4 жеңгеннен кейін. — Әрине, қашанда өсуге кеңістік жетеді, бірақ біз олардың намысын, шеберлігін және шаруасына адалдығын күмән таразысына салмауға тиіспіз».
Испандар жолында бес матчтың төртеуінде қақпасына гол жібермеген Франция құрамасы тұр. «Үштүстілер» 8 жыл ішінде ірі турнирлердің төртінші финалына шығуды армандайды.
Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте: «Біз осы құрамалардың жартылай финалға қалай шыққанын көріп отырмыз, сондықтан белгілі бір дәрежеде қорытынды да жасай аламыз. Бірақ бұл басқа матч, бөлек ойын. Франция құрамасы сапында тепкені қаза кетпейтін ойыншылар жетерлік, біз олардың ертең де мергендік межесінен жаңылмағанын қаламас едік».
Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам: «Испания құрамасы бұл Еурода осы уақытқа дейін ең сапалы футбол көрсетіп келді. Олар әр матч сайын ойын өрнегімен таңдай қақтырады. Испаниялық командалардың барлығы жартылай қорғаныста өте шебер. Олар ойын барысын керемет бақылай алады. Испандардың жартылай қорғаныс шебі әсіресе Родримен бірге өте күшті».
Испания мен Франция бұған дейін 36 рет кездесті, олардың әрқайсысы Еуропа чемпионаттары аясында маңызды жеңістерге де жетті. Мысалы, Франция Испаниядан 1984 жылы (финал) және 2000 жылы басым түсті, ал Испания 2012 жылы, атағын қорғап қалған алғашқы команда болған кезде (үштүстілерді олар ширек финалда тізе бүктірді) басымдық танытты.
Екі құрама Еуро-2024 турнирінде драмаға толы ширек финалдар өткізді. Испандар Германияны қосымша уақытта тұқыртты: жеңіс добын 119 минутта Микель Мерино енгізді. Чемпионат қожайындары негізгі уақыт аяқталуға бірнеше минут қалғанда ғана таразы басын теңестірген еді, ал есепті 51 минутта Дани Ольмо ашқан еді. Франция болса, ширығысқа толы 0:0 есебінен кейін Португалияны пенальтиден жеңді (5:3), сөйтіп, Еуро-2016-ның шешуші матчындағы сәтсіздіктің қарымтасын қайтарды.
Испания — осы маусымда барлық бес матчта да жеңіске жеткен жалғыз команда, бірақ ешбір команда Еуропа чемпионатының бір турнирінде ешқашан алты рет жеңіп көрмеген. Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Де ла Фуэнте шәкірттерінің бабы келісті екенін жақсы түсінеді: 2023 жылдың басынан бері олар 19 матчтың 15-інде қарсыластарынан басым болды. Осы кезеңдегі Испания құрамасы жеңісінің 79% көрсеткіші кез келген еуропалық ел арасындағы үздік жетістік болып саналады. Қос қапталдан керемет шабуылдайтын Ламин Ямал мен Нико Уильямстың ойын өрнегінен шабыттанған Испания кейінгі жеті ойынында қатарынан жеңіске жетті. Соңғы рет олар 2009 жылдың маусымынан 2010 жылдың маусымына дейінгі кезеңде көбірек үздіксіз жеңіске қол жеткізді (10 матч). Ямал осы турнирде Испания құрамасындағы әріптестері үшін 14 мүмкіндік туындатып берді, бұл Еуро-2012 додасындағы Хави дәуірінен бергі (25) испан ойыншысы үшін ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Бұл — Ямалдың өзі үшін де ірі турнирдегі ең жоғары көрсеткіші.
Шабуылдағы осы текетіресті белгілі бір дәрежеде Килиан Мбаппенің бабына қатысты айтуға да болады, ол осы турнирде 20 соққының біреуін ғана пайдаланды — Польша қақпасына 3 минутта пенальтиден доп соқты. Шынында да, «Реалдың» шабуылшысы жалпы алғанда, Еуропа чемпионатындағы 34 мүмкіндігінің біреуін ғана голға айналдырды (3%), ал әлем чемпионатында ол 39 соққыдан 12 гол енгізген еді (соғу коэффициенті 31%). Дешамның қорғаныстағы жетістігін Майк Меньянға телуге болады. Француз қақпашысының осы жарыстағы сейвтер пайызы 94%-ға тең, бұл — бір матчтан артық ойын өткізген қақпашылар арасындағы үздік көрсеткіш. Меньянның тамаша нәтижесі 2012 жылы Испания чемпион атанған кездегі Икер Касильястың дәуірінен бері еуротурнирлерде қақпашылар арасындағы үздік көрсеткіш болып саналады (екеуінікі де 94%). Испания Франциямен ірі турнирлердің жартылай финалдан басқа барлық ықтимал кезеңдерінде кездесіп үлгерді. Испания-Франция матчы Италия-Испаниямен және Англия-Германиямен бір лекте Әлем кубогы мен Еуроның әр кезеңінде ойналатын бар-жоғы үшінші матч болады.
Еурода Франция қорғаныстағы үйлесімді қимыл арқылы нәтижеге жетіп келеді. Франция аса мығым ойын көрсетпейді, бірақ статистикасы — керемет: бес матчта жалғыз ғана гол жіберді. Оның өзі пенальтиден соғылды. Әрине, бұл — 24 құрама арасындағы ең үздік көрсеткіш. Францияға қарсы ойында Испанияға негізгі үш ойыншы көмектесе алмайды: Педри жарақат алды, ал Дани Карвахаль мен Робин Ле Норман айыпталды. Жартылай қорғаныста 1/4 финал қаһарманы, ЕЧ басталғалы 2+2 ұпай жинаған Дани Ольмо ойнайды. Ле Норманды ауыстыратын футболшыны да біз өткен матч кезінде көрдік — бірінші таймнан кейін оның орнын Начо басты. Оң қапталдағы негізгі қорғаушы біреу ғана қалды, ол — 38 жастағы Хесус Навас.
Испания — Франция матчын тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді. Матч 23:50-де басталады.