УЕФА чемпиондар Лигасының жаңа форматы. Не өзгереді?
Чемпиондар лигасы аз уақытта әлемнің ең үздік клубтық турниріне айналды.
Бірақ енді оған да жаңашылдық қажет.
Жаңаруға не итермеледі?
УЕФА Чемпиондар лигасының жаңа форматы 2024-2025 жылғы маусымнан бастап іске қосылатынын жариялар қарсаңда, яғни 2021 жылдың 18 сәуірінде Суперлига идеясы ресми түрде көпшілікке таныстырылды. Алдымен – 12, одан кейін 16 команда жаңа лига құратынын мәлімдеді. Испаниядан – «Реал», «Барселона» және «Атлетико», Англиядан – «МЮ», «МС», «Ливерпуль, «Арсенал», «Тоттенхем» және «Челси», Италиядан «Ювентус», «Милан» және «Интер» Суперлига негізін қалаушы клубтар ретінде танылды. Істің басында «Реал» мен «Ювентустың» президенттері Флорентино Перес пен Андреа Аньелли тұрған еді.
Алайда бұл идеяны УЕФА да, ФИФА да, Еуропа клубтары қауымдастығы да ауыр қабылдады. Олар бірден қарсылық білдіріп, Суперлига командаларының барлық ішкі, еуропалық және әлемдік турнирлерге қатысудан шеттетілетінін, ойыншылардың ұлттық құрама сапында ойнауына тыйым салатынын ескертті. Осылайша, әуелі – 12, содан кейін – 16, ақыр соңында 64 командадан жасақталуға; жұлдыз, алтын және көк лигаларда мықтыны анықтауға тиіс Суперлига идеясы бірден батпаққа батты. Арада екі күн өткеннен кейін-ақ – Англияның бес командасы, үш күннен кейін Англияның – бір, Италияның – екі, Испанияның бір командасы Суперлигадан шықты. Қазір қос басында қарайып «Реал» мен «Барселона» ғана қалды.
Себептерге үңілейік
Әрине, осымен барлық қауіп бұлты сейілді деуге болмайды. Суперлига әлі де тұяқ серпіп жатыр. Еуропалық сотқа арызданып, УЕФА мен ФИФА бәсекелестік заңын бұзғанын дәлелдеп те қойды.
Осы оқиға болмай жатып-ақ УЕФА Чемпиондар лигасының форматын жаңартуға кіріскен. Оған бірнеше себеп бар:
а) Төрт командадан тұратын топтық турнир қатты ескірді. Алғашқы төрт кездесуде жеткілікті ұпай жинап алған команда кейінгі екі ойында, қаласа да, қаламаса да, «қарсыластардың мүддесі» үшін ойнайтын болды;
ә) Ескі қарсыластардың кездесу ықтималдығы жиіледі. Тіпті кейбір ұжымдар бір маусымда өзара төрт кездесу өткізетін болды. Жаңа форматта мұндай нәрсе қайталанбайды дей алмаймыз, бірақ бәрібір олардың кездесу жиілігі азаяды;
б) Чемпиондар лигасы фаворитті ерте бастан анықтауға ыңғайлы турнирге айналып кетті. Бірнеше жылдан бері бұл тізім «Реал», «Манчестер Сити», «ПСЖ», «Бавария», «Ливерпуль», «Челси» болып, көп өзгеріске түспей келеді.
Енді бәсеке ерте бастан қызады
Чемпиондар лигасының жаңа форматындағы өзгерістер:
- Жаңа маусымда Чемпиондар лигасына бұрынғыдай 32 емес, 36 команда қатысады. Осы 36 команда бір лигада ойнайды және барлығы бір-бірімен бәсекеге түседі.
- Бұрынғы топтық кезең – жалпы кезең деген атауға ие болды. Онда әрбір команда әртүрлі 8 командаға қарсы 8 ойын өткізеді. Яғни бұрынғы топтық турнирде 4 команда бір топқа түсіп, басқалардан оқшауланып алатын болса, жаңа форматта бәрі ию-қию араласып жүреді. Әр команда 4 ойынды – өз алаңында, 4-уін қонақта өткізеді.
- Командалардың қарсыластарын анықтау үшін олар алғашқыда төрт іріктеу қоржынына топтастырылады. Сөйтіп, жеребе қорытындысында әрбір команда әр қоржыннан екі қарсылас тауып, әр қоржыннан жолыққан қарсыластарына қарсы бір ойынды – өз алаңында, бір ойынды сыртта өткізеді. Бұл жерде әрбір командамен екі кездесу өткізеді деген ой тумауы керек. Мұндағы ерекшелік – бір команда әр қоржыннан жолыққан екі карсыласының бірімен – өз алаңында, екіншісімен сырт алаңда күш сынасады. Сонда жалпы кезеңде 8 тур ойналады.
- Осының арқасында әрбір команданың жанкүйерлері плей-оффты күтпей-ақ, бірден топ-ұжымдардың ойындарын тамашалауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар командалар турнир барысында бұынғыдай «бос матч» өткізу мүмкіндігінен айырылады, яғни жалпы кезең біткенше плей-оффқа шығуға таласады.
- Барлық матчтар қорытындысы бойынша лиганың турнирлік кестесі түзіледі. Жалпы кезеңнің 8 үздік командасы 1/8 финалға бірден жолдама алады. Ал 9-дан 24-ке дейінгі орын иеленген ұжымдар 1/16 финалда қос кездесуден өткізіп, жеңімпаздары 8 үздіктің қатарына қосылады. Мұнда жалпы кестеде 9-16 орын алған командалар таңдаулылар болады да, 17-24 орын алған командалармен кездеседі.
- 25-36 орын алған командалар үшін еурокубок маусымы аяқталады. Олар бұрынғыдай Еуропа лигасында жарысты жалғастыра алмайды.
- 1/8 финалда командалар жалпы кестедегі орнына қарай бір-біріне қарсылас атанады. Ал әрі қарай әрбір команданың финалға дейінгі жолы жеребе арқылы анықталып отырады.
- Финал қазіргідей бір ғана матчтан тұрады және УЕФА алдын ала анықтаған бейтарап алаңда өткізіледі.
Қазақстан чемпионы қатыса ала ма?
Барлық елдің командаларында мүмкіндік бар.
Мысалы, биылғы іріктеу кезеңінде Қазақстан чемпионы «Ордабасы» Чемпиондар жолы арқылы сапарын бастады. Бірақ «Петрокубтан» (Молдова) бірден жеңіліп, Конференция лигасының іріктеуіне сырғыды.
Қазіргі іріктеу талабы бойынша УЕФА-ға мүше елдердің барлығының (Лихтенштейннен басқа) чемпионы іріктеу кезеңіне қатысады. Чемпиондар жолымен жылжып келіп, плей-офф кезеңіне жеткенде, олардың қатарына УЕФА рейтингіндегі 11-13 орындардағы елдердің 3 чемпионы қосылды. Сонымен бірге рейтингтегі 19-орындағы елдің ІІ іріктеу кезеңіндегі ең рейтингі жоғары командасы және қосылды. Сонда Чемпиондар жолымен 10 команда плей-оффта ойнайды.
Олардан бөлек Лига өкілдері жолы да бар. Әр іріктеу кезеңінде бұл жолға өз лигаларында Чемпиондар лигасына жолдама алып қойған командалардан кейінгі орындарды иеленген ұжымдар қосылып отырады. Іріктеудің плей-офф кезеңінде Лига өкілдері жолынан 4 команда қалып, екі жолдамаға таласады.
Сонда іріктеу арқылы барлығы 7 команда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде ойнау құрметіне ие болады.
Ойындар қашан өтеді?
Іріктеу кезеңі аяқталған соң, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі 17 қыркүйекте басталады. Ойындар қазіргідей сейсенбі және сәрсенбі күндері өткізіледі.
Бұрынғыдай 6 емес, 8 тур болғандықтан, енді жалпы кезең желтоқсанда емес, 2025 жылдың қаңтарында аяқталады. Жанкүйерлер енді тек Чемпиондар лигасының ойындары өткізілетін екі эксклюзив аптаны сыйға алады.
1/16 финал ойындары 11-12 ақпанда басталады. Ақпан айында – 1/16 финал ойындары, наурыз айында – 1/8 финал ойындары, сәуір айында ширек финал және жартылай финалдың алғашқы матчтары ойналады. Мамыр айында жартылай финалдың қарымта ойындары және финал өткізіледі.
Алдағы финал 2025 жылдың 31 мамырына, Мюнхендегі (Германия) «Альянц-Аренаға» жоспарланып отыр.
Ал жақында, 29 тамызда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің жеребесі тартылады.
Тамаша ойындар көп болсын, жанкүйерлер!