Еуроны шайқаған Грузия! Микаутадзе Лионға ауысты

ҮШ АРЫС ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

Грузия құрамасы Еуро-2024 додасында «айды аспанға шығарды». Іріктеу турнирінен тікелей жолдама иелене алмаса да, грузиндер Ұлттар лигасы ұсынған мүмкіндікті өте сәтті пайдаланды. Сөйтіп, құрлық додасында Түркия, Чехия және Португалия құрамаларымен бірге F тобына түсті. Алғашқы турда түріктерге қолда тұрған үш ұпайды сыйлағанмен, одан әрі Саньольдің командасы сақая түсті: чехтармен тең ойнады (1:1), Португалияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Өз тарихында тұңғыш рет ірі додаға шығып қана қоймай, Сакартвело сайыпқырандары осылайша плей-офф кезеңіне жолдама алды. 1/8 финалда Испанияны өз қақпасына доп соғуға мәжбүрлеп, 51 минутқа дейін жеңіп жатса да, Грузия ертегісі осы тұста аяқталды. 

Бірақ ешбір жанкүйер, ешбір маман бұл құраманы жамандауға, менсінбей сөйлеуге тырысқан да жоқ. Өйткені Вилли Саньоль жаттықтыратын құрама жалынды, жігерлі, шығармашылыққа және тәуекелге толы тамаша ойынымен зор ықыласқа ие болды.

Осындай зор ерліктен кейін грузин футболшыларына қызығушылық арта түскені заңдылық. Еуроаға қатысушы 26 ойыншының ендігі аяқ алысы бұрынғыдан да көп маманның, скауттың, агенттің назарында болатыны түсінікті. Бәрібір Грузия құрамасы осы дода арқылы өзінің кішкентай жұлдызшаларының үлкен жұлдыздарға айналуға дайын екенін аңғартты. Еуропа чемпионатына дейін негізінен Хвича Кварацхелияның аты жиі естілетін еді, енді оның қасына тағы екі футболшы қосылды.

Тарқатып айтайық.

Шабуылшы Жорж Микаутадзе осы сында қарсыластар қақпасына 3 доп соғып, Харри Кейн (Англия), Коди Гакпо (Нидерланд), Жамал Мусиала (Германия), Иван Шранц (Словакия) және Дани Ольмомен (Испания) бірге бас мерген атанды. Францияның «Лион» қаласында туған жігіт бұрын да нашар шабуылшы санатында емес еді. «Мец» сапында ол төрт жыл ойнады, арасында жалға берілді. 2022-23 маусымында Микаутедзе 23 голмен І лига сұрмергендерінің қатарынан көрінді. Өткен жылы «Аякс» аттай қалап алса да  ол Нидерланд Эредивизиінде тіпті көзге түсе алмады. Амстердамдықтар сапында Жорж небәрі 9 матчқа қатысты, онда да маусым басындағы «Фортунамен» (Ситтард) кездесуде ғана алаңда 90 минут өткізді. Жалқы гол да соққан жоқ. Дегенмен бұл нәтижесіздігі үшін Микаутадзені қатты жазғыруға да болмайды. Былтырғы маусымды «Аякс» өте сәтсіз бастады, тіпті біраз уақыт қауіпті аймақта да жүрді. Бапкерлер жиі ауысты, тек Вант Cхип келген соң ғана шаруа сәл түзелгендей болды. Мұндай кезде жас грузин шабуылшысына қатты сенім артып, оның қашан ашылатынын күтіп жүруге болмас еді. Ақыры қаңтар айында Жорж Францияның «Мец» командасына оралды, яғни жалға берілді. Мұнда 14 доп соғып, қайта жарқырады. Еуро-2024 оның спортық ғұмырындағы сәл көлеңкеленіп қалған тұсын қайта ашты. Жақында Микаутадзе «Лион» командасына ауысты. Трансфер құны 22,5 миллион доллар болды. Түрлі бонустарды есептесек, бұл сома тағы 4,5 миллионға өсе түсуі ықтимал. 

«Лион» өткен маусымда біраз шатқаяқтап, жаңа жылдан кейін ғана көшін түзеді. Енді кеткен есені қайтарып, қайтадан Франция футболының элитасына оралуды көздейді. Әуелде Микаутадзе «Монакоға» бет түзейді деген еді. Бірақ ақпарат тез өзгеріп, Жорж туған қаласында ойнайтыны белгілі болып отыр.

Екінші жұлдыз – Георгий Мамардашвили. Оның аса талантты қақпашы екені көп айтылып жүрді. Тбилисидің «Динамосынан» «Валенсияға» (Испания) жалға берілген қақпашы жұлдызды сәтін біраз күтіп, мықты қақпашылардың тасасынан шығуға айтарлықтай уақыт жұмсады. Өткен маусымда «Валенсияның» Ла Лигада жан сақтауына Мамардашвили қосқан үлес өте зор. Талантты қақпашыға біраз топ-клуб көз тіге бастап еді, Еуродан кейін ықылас білдірушілердің қатары көбейе түскені де өз-өзінен түсінікті. 

Еурода Мамардашвили 4 ойын өткізді. Топтық турнирде ол 21 сейв жасап, 2004 жылы латвиялық Александр Колинько жасаған рекордты қайталады. 1/8 финалда Испанияға қарсы ойында тағы 9 соққы қайтарды. 2000 жылғы Еурода тамаша ойнаған италиялық Франческо Тольдоның нәтижесін (30 сейв) ол осылайша қайталады. 

Еуро аяқталған соң, Transfermarkt сайты Мамардашвилидің әлемдегі ең қымбат қақпашыға айналғанын жазды. Қазір Георгий 45 миллион еуроға бағаланады. Оны қатарына тартуға «Милан», «Пари Сен-Жермен», «Челси», «Бавария», «Ньюкасл», «Атлетико» сияқты суперкомандалар қатты тырысып отыр. Әзірше оның ат басын қайда бұратыны белгісіз, дегенмен жаңа маусым басталғанда ол қарапайым «Валенсияның» емес, басқа бір топ клубтың нөмірі бірінші қақпашысы ретінде алаңға шығуы бек мүмкін. Еуродағы өнері Мамардашвилидің орны төрде екенін толық растады. 

Жақында Мамардашвили отау құрды. Ол тбилисилік модель Элен Эпиташвилимен некеге отырды. Жыл соңына қарай екі жас ата-ана атанып та қалады. 

Ал шынайы жұлдыз Хвича Кварацхелия «Наполиде» қала береді. Былтыр чемпион атағын қорғай алмаған, еурокубокте де ала-құла ойнаған неапольдіктер бәз қалпына түсуге, яғни А сериясының ортаңқол командасына айналуға сәл қалып еді. Лучани Спалетти тізгінді босатқан соң, оның орнын басқан мамандар шаруаны ұқсата алмады. Жаңа маусымға «Наполи» атышулы Антонио Контенің басшылығымен кіріспек. Жаңа бапкер Хвичаны өзінің идеясына қатты сендіре алған сыңайлы. Англия топ-клубтары, «Пари Сен-Жермен» жасаған миллиондық ұсыныстардан бас тартып, Хвича енді Контемен бірге А сериясында қайта атойлауды жоспарлап отыр.

«Наполи» Кварацхелияға бес жылдық келісімшарт ұсынып отыр. Оған қол қойса, Хвича жылына 5 миллион еуро жалақы алып отырады. Еуро додасын Хвича сәл солғындау бастап, кейін бауыры жазыла шапты. Топтық турнирдің ІІІ турында Португалия қақпасына соққан голы арқылы ол соңғы маусымдағы барлық сәтсіздікті артқа ысырып тастағандай болды.

Грузия құрамасы осы үш арысқа арқа сүйейді десек те, Еуропа чемпионатында Лука Лочошвили, Отар Какабадзе, Георгий Кочорашвили, Георгий Чакветадзе, Зурико Давиташвили сияқты футболшылар жаман өнер көрсеткен жоқ. Әр жылдары Қазақстан премьер-лигасында ойнаған Лаша Двали (бұрынғы «Ертіс»), Ника Квеквескири (бұрынғы «Тобыл») ауылда туындаған арманды Алмания жерінде асқақтатуға болатынын анық дәлелдеп берді. Қазір оларға ұсыныс жан-жақтан қаптап түсіп жатыр десек өтірік болар еді. Сол Кочорашвили, мысалы, әлі «Левантенің» сапында Ла Лигада жарқырап көзге түсе алған жоқ, екі маусымда небәрі 4 ойынға қатысты. Ал 33 жастағы Георгий Гвелесиани тіпті осы Еуро қарсаңында ғана құрама сапындағы алғашқы матчын өткізді. Қазір ол Иранның «Персеполис» командасында ойнайды.

Демек, Грузия құрамасы – ұшқынды жалынға айналдыра алатын тамаша команда. Оған Саньоль сияқты бапкер қажет болып жүргенін енді байқағандаймыз. Жаңа маусымда бейтаныстау грузин жігіттері жұлдызшаларға айнала бастаса, оған Еуро-2024 додасының ықпалы зор деп бағамдай береміз. 

Толығырақ...
Испания – Англия. Финалға превью

Сонымен, финал. 24 құраманың қатысуымен өткен аса қызықты турнирдің төрт аптасы артта қалды, енді бізді финал күтіп тұр. Бұл матч Еуро классикасына айналуы да мүмкін. Көп адам үшін Испания — жұртшылықты жалынды шабуылға сүйенген ойынымен тәнті еткен турнирдің үздік командасы. Луис де ла Фуэнтенің командасында Родри және Альваро Мората сияқты ардагерлердің тәжірибесі жас Ламин Ямал мен Нико Уильямстың болжап білмес талантымен тамаша ұштасады. Испандардың жолында әуелде орашолақ ойнап, кейіннен турнирге толық кіріге білген, ақыр аяғында, финалға қатарынан екінші рет жеткен Англия тұр. Оған қоса ағылшындарды Испаниямен қорқытудың да реті жоқ: екі команданың УЕФА Ұлттар лигасы аясында Севильяда өткен соңғы матчында «үш арыстан» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл оқиға 2018 жылы өтсе де, Англияны Саутгейт жаттықтыратын еді. Қысқасы, жайланып отырыңыздар: бұл бір даңқты финал болуы ықтимал.

Матч Берлиндегі «Олимпиаштадионда» — турнирдің 71 мың адамға есептелген ең сыйымды аренасында өтеді. Берлиннің «Герта» командасының өз алаңы болып саналатын «Олимпиаштадионда» 1985 жылдан бері Германия кубогының финалдары өткізіліп келеді. Арена аса жоғары деңгейлі матчтарды да аз қабылдаған жоқ, оның ішінде Италия Францияны жеңген 2006 жылғы әлем чемпионатының финалы, «Барселона» «Ювентусты» тізерлеткен 2015 жылғы Чемпиондар лигасының финалы бар. 

Англияның ойын стилі испандарға ұқсап барады. Саутгейттің командасында допқа иелік ету кезіндегі пастардың орташа саны ең көп, допты жылжыту жылдамдығы ең төмен және пенальтилерді есептемегенде, 90 минутқа шаққандағы xG 0,72 ғана (плей-оффқа шыққан командалар ішінде Грузия мен Румынияның көрсеткіші ғана төмен). Яғни бір-бірімен есепсіз пас алмасу шын мәнінде көп ештеңе бере қоймайды. Испан стиліне аса нашар карикатураны біз есептің 0:0 кезінде көбірек байқаймыз. Допқа орташа иелік ету көрсеткіші бойынша Испания Англиядан қалыңқы (57,0% — 58,2%), бірақ оны турнирде басқалардың бәрінен жақсы пайдаланып келеді. Сондай-ақ Луис де ла Фуэнтенің командасы — соққымен аяқталған қарсы шабуылдар бойынша да көшбасшы. Стилистикалық тұрғыда олар Луис Арагонестің 2008 жылғы командасына барынша жақын. Паспен өте ақылды ойнайды, тиімділікке мән бере отырып, догмаға ұрына бермейді. Бір Эмерик Лапорттың өзі Англияның негізі орталық қорғаушылар жұбы Джон Стоунз бен Марк Гехиге (35) қарағанда көбірек алға пас берді (40). Испанияның негізгі құрамы мейлінше тұрақты және орталық шептегі қанаттастық өте жоғары — мұнда Родри, Фабиан Руис және Педри бар. Ондағы үйлесім Педри жарақат алғанда ғана өзгерді — бұл кезде Дани Ольмоның жолы ашылды, ол бос қалған орынды тез пайдаланып кетті. Англия бүкіл турнир бойы Деклан Райсқа серіктес ойыншы іздеп келеді. Байқауымызша, ешбір байланыс толық кемел емес, дегенмен шешуші матчтарда Кобби Майну негізгі құрамда шығып жүрді. Жаңа Испанияның қаһармандары — өте ширақ, желаяқ вингерлер Ламин Ямал мен Нико Уильямс. Міне, осы мықтылар команданың бояусыздыққа ұрынуына жол бермейді. Англия құрамасының дәл осы шептеріне ең алдымен қорғаныс міндеті тапсырылған. Шабуылдың кең қанат жаюына Киран Триппьер (допсыз ойында сенімділік береді, ал шабуылды қолдауға соңғы кезекте мән береді) және Букайо Сака (қолынан бәрі келеді, бірақ турнир барысында бесінші қорғаушыға айналды) жауапты. Англия есе қайтару керек болған кезде жақсы ойнай бастайды. 

Команда ойынның бастапқы минуттарында өте солғын көрінеді. Испания — оған толықтай қарама-қайшылық. Алғашқы минуттан-ақ таптап кетуі мүмкін, бірақ басымдыққа ие болған соң біраз сансырап қалады. Англияның көп ойын өткізіп жатқанына қарамастан, Саутгейт ойыншыларды көп ауыстыра бермейді. Құрамға тіркелген бес ойыншы алаңда әлі бірде-бір минут өткізген жоқ.  Негізгі құрамда 14 футболшы бой көрсетті (Испанияда — 22). Кастинг жасаған жалғыз шеп — артқы жартылай қорғаныстағы Райстың серіктесі. Әуелі Трент сыналды, содан кейін бір тайм Галлахер ойнады, плей-оффқа қарай Майну негізгі ойыншыға айналды. Гареттің бірбеткейлігі екі себеп бойынша таңдай қақтырады. Біріншіден, команда құрамының бір бөлігі өздеріне ыңғайсыз рөлмен келісуге мәжбүр.  Триппьер – оңқай, бірақ ол бәрібір сол қанатта шығады. Фоден турнирдің басым бөлігін қапталда өткізді, тіпті Еурода да ол өзіне орталық шеп ыңғайлы екенін айтқан-ды. Райс артқы жартылай қорғаныста ойнап үйренген, бірақ Саутгейт қалағандай, Пирло стиілдегі артқы жартылай қорғаушы болуды жөн көре бермейді. Екіншіден, физикалық дайындықта мәселе бар. Саутгейт көп ойыншының құрамаға бабында келмегенін айтады. Ол жарақат кесірінен «Ньюкасл» құрамында көп ойнай алмаған Триппьерді, маусым соңында «Бавария» сапында ойнамаған Кейнді мысалға келтіреді. Гареттің айтуынша, осы шаршаңқылық салдарынан Англия Еуроның басында прессинг жасауды ойлаған да жоқ. Финалға барар жолда Саутгейт жүгінген бір ғана амал — косметикалық өзгерістер. Олар 4-2-3-1 нұсқасымен бастады, Сака мен Фоден шабуылдың қос қапталына қойылды да, Джуд ондықтың орнында шықты. Ширек финалдан бастап модель аздап өзгерді. Сака оң жақта бесінші қорғаушы болып шегіне алады. Фоден нақты орталық алаңда және өзіне ыңғайлы тұсқа мейлінше жақын жерде ойнайды (оң жартылай қаптал). Джуд солға ауысады. 

Испания вышла в финал Евро-2024 и будет там фаворитом. За испанцев еще и статистика: с 2001 года клубы и сборная не проиграли ни одного финала ЛЧ, Лиги Европы, чемпионата мира и Европы, в котором участвовали. Лига Наций УЕФА – у этого турнира пока что было всего три финала. Испании участвовала в двух из них. В 2019-м проиграли Франции со счетом 1:2 – хотя тогда победный от Килиана Мбаппе вызвал серьезные споры. В 2023-м испанцы в финале обыграли хорватов в серии пенальти.

Испания Еуро-2024 финалына шықты және онда фаворит болады. Статистика да испандар жағында: 2001 жылдан бері бұл елдің клубтары мен құрамасы өздері қатысқан Чемпиондар лигасының, Еуропа лигасының, әлем чемпионатының, құрлық додасының бірде-бір финалында жеңілген жоқ. УЕФА Ұлттар лигасында әзірше үш-ақ финал болды. Испания соның екеуіне қатысты. 2019 жылы Франциядан 1:2 есебімен жеңілді — сол кезде Килиан Мбаппе соққан жеңіс голы біраз дау тудырған еді. 2023 жылы испандар хорваттардан ойын соңындағы пенальти сериясында басым түсті.

 

Толығырақ...
Испания – осы Еуроның оты және шабыты

Бұл Еуроның финалистері турнир барысында қандай әралуан әсер қалдырды десеңізші! Бір жағынан — Англия. Қашан ғажайып көрсетеді деп күткен команда. Құрамында апта сайын тамаша голдарымен және шеберлігімен көзге ілінетін сиқыршылар болса, басқаша болуы мүмкін бе? Бірақ ғажайып оркестр орындауындағы шоудың орнына, біз турнир кестесінде сықырлаған, тіпті әйнек үстін пышақпен қырнағандай тым жағымсыз дыбыс шығаратын әлдебір қозғалыс көргендейміз. Нидерланд құрамасымен алғашқы таймда ғана ағылшындар жарқын да көз қызықтырар футбол ойнай алатынын көрсеткен сияқты. Бірақ бұл бір сәттік эмоциялық ұшқын ғана болғандай.

Драма на 91-й минуте: Англия хлопнула Нидерланды и снова вышла в финал Евро - РИА Новости Спорт, 11.07.2024

Екінші жақта — тики-такадан жоғары қапталдық футболға бірден ойысқан Испания. Мұнда шабыт та, қауіпті сәттер де, әдемі голдар да, ең бастысы, еркіндік пен жастықтың күмәнсіз идеалы Ламин Ямал да бар. Мұндай командаға өз-өзіңнен жанкүйер болғың келіп тұрады. Испания нәтиже жолында сезім мен көркемдікті құрбандыққа шалған жоқ. Ол өз футболынан айнымады, сонысы үшін де тағдыр сыйына қол жеткізді.

Англия болса, осы Еурода жалғыз меже — бас жүлдені қалайда жеңіп алу міндетін ғана көріп тұр. Жанкүйерлерді жандыру да қажет емес, әдемі голдармен және комбинациялармен есте қалып не керек?! Англия үшін ең бастысы, өз футболыңның ұзаққа созылып кеткен бас жүлдесіз тарих парағын жабу маңызды. Арыстандар күмәнсіз фаворит саналмаса да, тәжірибе жүзінде табысқа жетуге мүмкіндігі жоғары екенін нақты деректер айғақтайды.

Мұның бірнеше себебі бар:

1. Саутгейттің командасы бар күшін әлі сарп етпеді. Ол өз әлеуетінің 50%-ын да пайдаланбағаны, толық күшін анда-санда ғана іске қосатыны көрініп тұр. Турнир бойы біз бұл команданы іш пыстыратын ойыны үшін жазғырып келдік, бірақ қажет болған кездің бәрінде ағылшындар дегеніне жетіп жүрді. Испания болса, ресурсын молынан пайдаланып, қолында бардың бәрінен аянып қалған кезі жоқ. Бұл құрамның толық әлеуетін барынша пайдаланып келе жатқаны Луис де ла Фуэнтенің атына айтылған мақтау десеңіздер де болады, бірақ бүкіл турнир бойы, әсіресе өзіңді 90 емес, тіпті 120 минут қамшылауға тиіс финалда аса жоғары қарқынмен ойнауға Испанияның шамасы жете ме?

2. Екінші тармақ біріншісінен келіп шығады — Англия қарсыласынан нашар көрініп тұрған ойында да жеңіске жете алады. Оларға өз шеберлігін барынша қосып, гол соғып, шаруаның орайын келтіру үшін он минут та жеткілікті. Немесе Словакиямен және Нидерланды құрамаларымен кездесулердегідей, соңғы минуттарда нәтижеге қол жеткізу машығын іске қоса салады.

3. 3-4-2-1 таза англиялық сызбасы испандардың күшті жақтарын бейтараптандыруға өте ыңғайлы. Ағылшындр қапталдарда бірін-бірі сапалы түрде сақтандыра алса, Ямал мен Уильмястың алдында ашық кеңістік қалмасы анық, ал Моратаға үш қорғаушының назарын бірден өзіне аудару қиын болуы мүмкін. Екі «ондықтың» — Фоден мен Беллингемнің допсыз сәттердегі ретті қимыл-қозғалысы алаңның ортасын тас қып ұстап, қарсыластың ойын барысын бақылап отыруына мүмкіндік бермейді.

Сборная Англии победила команду Нидерландов и вышла в финал ЕВРО‑2024

Бірақ мұның бәрі — рационализм, бұрын да көргеніміздей, іске эмоция мен ішкі жалын араласқанда, рационализм заңдары әрекет ете алмай қалады. Футбол — осы бір өмірлік қарама-қайшылықтарды көзбе-көз тамашалауға мүмкіндік беретін тамаша сахна. Бүгін біз біз идеализмнің немесе прагматизмнің салтанатын көреміз. Финалдың тікелей трансляциясы QazSport арнасында 23:50-де басталады!

Толығырақ...
Джуд Беллингем – Англияның финалдағы басты күші

Англия — Словакия матчында 90+5 минутта ғажайып гол соғып, дүйім жұртты елең еткізген Джуд Беллингемге жартылай финалда да зор сенім артылып отыр. Гарет Саутгейттің есепке негізделген ойынын түрлендіруге тиіс футболшы Еуроның басты екі матчында жарқырап, «Алтын доп» алуға жақындай түсуі керек

Джудтың футболға келуі  қызық әңгіме. Оның әкесі Марк Беллингем де футболшы болған. Полициядағы қызметінен бөлек Англиядағы нон-лигаларда өнер көрсеткен. Марктың мансабы 1994 жылы басталған. «Челмсфорд» сапында ойнап жүргенінде клубтың қосынынан 250 шақырым алыстағы Дадлиде орналасқан Вулверхэмптон университетіне түсіп, сонда да футбол ойнауын доғармай, ары-бері қатынап жүрген. Алайда жаңа бапкер жаттығуға аптасына екі рет қатысуды бұйырған соң, уақыт тапшылығын қаперге алып, клубтан кетуді ұйғарады. Одан кейін де Марк бірнеше командада тер төкті. 20 жылдан астам уақыт полициядағы қызметі мен футболды қатар алып жүрді. Тізе байламын екі рет үзіп алса да, тоқтамады.

Нон-лигада оны Криштиану Роналду деп атаған. Сөйтіп «ағылшындық Роналду» қырықтың қамалын алған шақта, 2015/16 жылғы маусымда, мансабымдағы голдар санын 700-ге жеткізіп, футболды қоямын дейді. Ол үшін 38 гол соғу қажет болған. Маусым аяғында 36 гол болып, межесіне түбі жетуі үшін тағы бір маусымға қалады. Сөйтіп 700 голдан да асырды. Білетіндердің айтуынша, полицядағы жұмысы болмағанда, Марк мықты кәсіпқой футболшы болғандай екен.

Міне, футболға деген махаббат, сүйіспеншілік Джудқа әкесінен дарыған. Алайда бірден емес, басында Беллингем әкесі мен досы Фил Вулдридж негізін қалаған «Стоурбридж Джуниорс» балалар командасында ойнайды. Бірақ мүлде қызықпапты.

«Әкем мені ылғи нон-лигалардың матчтарына апара беретін. Ал мен түк түсінбейтінмін. Қызықсыз болды», – деп ескеле алады Джуд.

Дегенмен алты жасында бәрі түбегейлі өзгерді. Футболға деген ойы түрленіп, бапкерлер оның өнеріне сүйсіне бастады.

Джуд Виктор Уильям Беллингем 2003 жылы маусымның 29 жұлдызы Стаурбриджде қаржылық жағдайы тұрақты Марк және Дениз Беллингемдердің отбасында дүниеге келген. Осыдан кейін нағыз тарих басталды.

Беллингем тегіне ұқсас «Бирмингем» командасында ойнағысы келеді. Кішігірім арманы орындалып, сегіз жасында «Бирмингем» академиясына қабылданады.

Джуд өз құрдастарынан әлдеқайда мықты болып, 14-15 жасында-ақ «Бирменгемнің» U18 және U23 командаларында ойнайды. Негізгі команда сапындағы алғашқы матчын 2019 жылдың 6 тамызы 16 жас 38 күн дегенде өткізеді. Ал 31 тамыз «Сток Сити» қақпасын тулатып, «Бирмингем» тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды.

Осындай рекордтарымен және керемет ойынымен топ-клубтардың назарын өзіне бірден аударды. Алғашқылардың бірі болып көз тіккен «Ливерпуль» болады. Тіпті академиясына қабылданып тұрған. Мерсисайдтық клуб тоғыз жастағы Джудты екі күндік қаралымға шақырып, ойыны ұнап, академияға қабылдайтын болып шешеді. Алайда Беллингемнің әке-шешесі бала үйден алыстауға әлі жас деп ауысым орын алмай қалады.

14 жасына дейін Джуд бірнеше топ-клубтың академиясында болады. Тек Англияның командалары ғана емес, Еуропаның азулы ұжымдарының көпшілігі оны жіті бақылап жүрді. Солардың бірі «Барселона» еді. 2017-2020 жылдар аралығында каталондық клубтың скауты болып қызмет еткен Борха Кркич басшылық пен Джудтың әкесіне кездесу ұйымдастырады. Бірақ Марк кездесуге келмей қойған екен. Тек «Барсаға» емес, бірнеше клубқа осылай істепті.

10-11 жасында Беллингемнің мектептегі шығармаға «Англия құрамасы мен «Барселонада» ойнағым келеді» деп жазғанын да айта кеткен жөн. 15 жастағы кезінде Джудқа «Манчестер Юнайтед» қызығушылық танытады. Бірақ олардың да беті қағылды. Бұл соңғысы емес. Ал 2019 жылы «Аякс» қатарға қосқысы келіп, Эдвин ван дер Сардың өзі келіссөз жүргізеді. Алайда ата-анасы балаларының дамуына қауіп төндірмес үшін Англияда қалуды ұйғарады.

2020 жылы Беллингемге талас қыза түсті. «Боруссия» баланың көңілін аулау үшін ойын формасын жіберіп, база мен «Сигнал Идуна Паркке» экскурсияға шақырады. Джудты көндіру үшін осы сынды бірнеше дүниелер істейді. Бірақ бәскелестер де қарап қалмады. «Бавария» тікелей «Бирмингемге» қоңырау шалып, уақытты соза тұруларын сұрайды. Фрэнк Лэмпард «Челсимен» «Стэмфорд Бриджде» кездесу ұйымдастырады. «Манчестер Юнайтед» базасына шақырды. Оны көндіру үшін клуб Алекс Фергюсон, Эрик Кантона және Оле-Гуннар Сульшерді де іске қосады. «Лестер» мен «Вулверхэмптон» да өз бақтарын сынап көрді. «МЮ» «Бирменгемге» де, Беллингемге де барлығынан екі есеге көп ақша ұсынды. Алайда соңғы сөзді әкесі айтып, түбі Джуд 30 млн еуроға «Боруссияға» бұйырды. Ал «Бирмингем» негізгі командада бір ғана толық маусым өткізген Джуд үшін 22-ші нөмірді қолданыстан алып тастады. 22-ші нөмірді таңдауының себебі «Бирмингемдегі» бір бапкерінің «Джудтың онда, сегізде және төртте ойнай алатын қабілеті бар» дегенінен екен. 10+8+4=22!

Джуд «Бирменгемнен» кеткенімен, Беллингемдер отбасы кетпеді. Өзі сияқты талантты және болашағынан үлкен үміт күттіретін інісі Джоб командада қалып, негізгі құраммен жаттығып, ойындарға да шығып жүрді. Сөйтіп оған да «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль» сынды клубтар қызығушылық таныта бастады. Бірақ ұлдарының бірден аспандағы айды алғанынан қаламайтын әкесі басқа да бапкерлермен ақылдасып, «Сандерлендті» таңдады. Ағымдағы маусымда 14 матчқа қатысып, екі гол соғып, бір нәтижелә пас берді. Болашақта ағасымен бір клубтың намысын қорғауы да бек мүмкін.

2020 жылдың 23 шілдесінде «аралардың» жейдесін киді. Араларында ешқандай алшақтық болмас үшін анасы Дениз Джудпен бірге Германияға қоныс аударады. Ал әкесі інісі Джобпен бірге Бирмингемде қалды. Өйткені екеуі үшін балаларының ата-ана жылулығымен өсуі, қарындарының тоқ, көйлектерінің көк екенін қадағалау маңызды болды. Осылайша екі жаққа бөлінді. Марк Джобтың Джуд сияқты топ-клубтар тамсанып, таласардай ойыншы болуы үшін жаттығуын қадағалап жүрді. Ал Дениз Дортмундта Беллингемнің төсегін салып, тамағын пісіріп, ештеңеге алаңдамауы үшін бар жағдайын жасады. Осындай үлкен жетістікке жету үшін әке-шешесінің еңбегі зор.

«Боруссия» сапындағы алғашқы матчын 2020 жылдың 14 қыркүйегінде «Дуйсбургке» қарсы өткізіп, дебют голын да соғып, клуб тарихында гол соққан ең жас ойыншы (17 жас, 77 күн) атанды. Бірақ кейін рекордын Юссуфа Мукоко жаңартты. Қазан айында Чемпиондар лигасындағы тұсауын кесті. Осылайша команданың негізгі ойыншыларының біріне айналды.

Сол кездегі ойынына таңғалған Хосеп Гвардиола «Боруссияға» қарсы Чемпиондар лигасы ¼ финалының матчынан кейін «Мүмкін ол бізді жасына қатысты алдап жүрген болар. 17 жастағы футболшы үшін ол тым мықты. Ғаламат ойыншы. 17 жасында-ақ алаңда көшбасшы болып жүр», – деген еді.

2020 жылдың 10 қарашасында тұңғыш рет Англия құрамасына шақырту алып, үш күннен кейін алғашқы матчына қатысты. 2021 жылы Еуро-2020 додасында бақ сынып, күміс жүлдегер атанды. 2022 жылы Әлем чемпионатында ойнап, өкінішіне қарай, Англия ширек финалда Францияға 1:2 есебімен есе жіберді.

«Боруссияда» Джуд өзін техникалық және физикалық жағынан дамытты. Осыған дейін өзіне ұнамаған денесі ірілеп, бұлшық еттері былқылдап, кез келгенмен допқа таласа алатын жағдайға жетті. Командада да, жанкүйерлер арасында да абыройы асып тұрды. 2022 жылы 19 жасында-ақ капитандық белгіге ие болды. Қазан айында «Севильяға» қарсы матчта (4:1) Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас капитан атанды. Сол заматта мұндай рекодтарды ол бірінен кейін бірін тіркеп жатты.

2023 жылдың ақпанында Беллингем Бундеслигада 50 жеңіске жеткен ең жас (19 жас, 235 күн) ойыншы атанды.  Сол маусым команда үшін де, Джуд үшін де тамаша өрбіп жатты. «Боруссия» жеңістен жеңіске жетіп, чемпиондыққа бұрынғыдан тым жақын еді. Соңғы турда «Майнцтан» басым түссе, 2012 жылдан бері алғаш рет Бундеслигада топ жарайын деп тұр. Бірааақ 2:2 тең ойнап қалып, тағы да «Баварияның» мерейі үстем болды. «Сигнал Идуна Парк» стадионына жиналған 81 мыңнан астам жанкүйермен бірге Беллингемнің де өкініштен өзегі өртенді. Сөйтіп «сары-қаралар» сарыла күткен чемпиондыққа қол жеткізе алмай, Беллингем «Боруссиядағы» мансабын бір трофеймен аяқтады. 2020/2021 жылғы маусымда Германия кубогын жеңіп алған еді. Жалпы дортмундтық клубтың жейдесінде 132 ойынға шығып, 24 гол соғып, 25 нәтижелі пас берген.

Беллингемнің кумирі – Стивен Джеррард. Сол үшін де Джеррард Дортмундқа келіп, жеке өзі «Ливерульге» ауысуға көндіремін деп жүрген. Бірақ бұл жолы да жолдары болмадыү

2023 жылдың 14 маусымында «Реал» дүйім жұрт күткен Джудты 103 миллион еуроға сатып алды. Трансфер бірден орын ала салған жоқ. Басқалар сияқты «Реал» да Беллингемді бұрыннан бақылап жүрді. Бірақ орайлы сәтті күтіп, 2023 жылы тыңғылықты түрде кірісті. Қос тарап төрт айдың ішінде он рет кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісіп, бір-бірін егжей-тегжейлі зерттеп, сәуір айында Беллингем тәуекелге бел буып, «Реалға» ауысуға келісімін берді.

Трансфердің құны тым жоғары болғандықтан, көпшілік «Азардың кебін кимесін» деген секілді пікірлер білдіріп жатты. Алайда Джуд «Атлетикке» қарсы алғашқы матчынан-ақ қарсы болғандардың ауызына құм құйды. Қазіргі таңда «Реал» жейдесінде 14 ойынға қатысып, 13 гол соғып үлгерді. Үш нәтижелі пасы да бар. 20 жастағы жұлдыздың өнеріне іші тар еместердің барлығы таңдай қағуда.

«Ерекше таланты бар топ-ойыншы. Осынша гол соққанына өзі де сене алмай жүрген секілді. Ол үшін қуаныштымын және осымен тоқтап қалмай, өсуін жалғастырады деп сенемін», – деді Лука Модрич.

Басқа ойындарда көзге түскені бір бөлек, алғашқы «эль-класикосында» жасындай жарқырағанын айтсаңызшы. Жеңіліп жатқан «Реалды» аяғынан тік тұрғызып, дубль жасап, бүкіл әлемді ғаламат соққы жасаған аяғына қаратып қойды.

30 қазан Парижде мұқым жұртқа белгілі футболшылар жиналған «Алтын доп» табыстау рәсімінде 2023 жылдың ең үздік жас ойыншы атанды. Биылғы мақсаты – «Алтын доптың» өзін алу. Дегеніне жете ме? Ұлттық құрамасының алдағы екі ойынын шешуші фактор болмақ.

Толығырақ...
Spanish or English? Финалда кім жеңеді?

Испания – Англия. Еуро-24 финалдық кездесуіне превью

2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалы осы жексенбі, 14 шілде күні Берлин қаласындағы Олимпиаштадионда өтеді. 

Испания мен Англия құрама деңгейінде 27 рет кездесті. Испаниялықтар – 10рет, ағылшындар 13 рет жеңіске жетті, 4 ойын тең аяқталды. Командалар соңғы рет 2018 жылы Ұлттар лигасы аясында ұшырасты (2:3). 

Құрлық додасында екі құрама 1996 жылы ¼ финалда күш сынасты. Негізгі және қосымша уақыт тең аяқталып, ойын соңындағы пенальтиде Англия 4:2 есебімен басым түсті.Сол ойында Англия құрамасының бас бапкері Гарет Саутгейт негізгі құрамда (№6) шықты.

Англия Испанияны соңғы 7 ресми кездесудің бесеуінде жеңді. Испания Англияны соңғы 7 ресми кездесудің біреуінде ғана тізерлетті.

Испания

Испания финал фавориті саналады. 2001 жылдан бері бұл елдің құрамасы да, клубтық командалары да Чемпиондар лигасының, Еуропа лигасының, клубтар арасындағы әлем чемпионатының, Ұлттар лигасының бірде-бір финалында жеңіліп көрген жоқ! Яғни 26 финалда да жеңіске жетті. 

Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Ламин Ямал жартылай финалда Франция қақпасына доп соғып, Еуропа чемпионаттары тарихында гол соққан ең жас футболшы атанды (16 жас 362 күн). Финалдан бір күн бұрын Ямал 17 жасқа толды. Сондай-ақ Ямал Еуроның немесе әлем чемпионатының жартылай финалында өнер көрсеткен ең жас футболшы рекордына да түзету енгізді. Бұған дейінгі рекорд 1958 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында алаңға шыққан даңқты Пелеге тиесілі еді (17 жыл 244 күн).

Дани Ольмо француздарға гол соғып, Еуропа чемпионаттарының үш матчында қатар гол соққан алғашқы футболшы атанды.

Француздармен кездесуде Хесус Навас Еуроның финалдық кезеңінде алаңға шыққан испаниялық ең егде ойыншы атанды (38 жас 231 күн).

Финалда ойнаса, осы үш футболшы да өз рекордтарын жаңарта алады. 

Финал Испания құрамасының сұрмергені Альваро Мората үшін құрама сапындағы соңғы матч болуы ықтимал.

Англия

Англия Еуро-2024 турнирінің плей-офф кезеңінде үнемі кеш гол соғып келеді: Швейцарияға – 80, Нидерландқа – 90, Словакияға 90+5 минуттарда шешуші доп енгізді. 

Ең қызығы, осы голдардың барлығы – ойын барысында ағылшындардың қақпаға бағыттаған алғашқы тура соққылары. 

Англия Еуро финалдық кезеңдерінде 13 матч бойы негізгі уақытта жеңілмей келеді. 

Англия 1/8, ¼ және ½ финалдарда қақпасына бірінші доп жіберіп алып, жігерлі жеңіске жеткен алғашқы құрама болды. 

Гарет Саутгейт Еуро финалына қатарынан екінші рет шыққан үшінші бапкер болып отыр. Оған дейін германиялық Хельмут Шен мен Берти Фогтс осындай жетістікке жеткен еді. 

Англия футбол қауымдастығы Еуро-24 финалының нәтижесіне қарамастан, Саутгейтпен келісімшарт мерзімін ұзартуға ықыласты. Тараптар алғашқы келіссөздерді жүргізіп үлгерді. 

Англия құрамасы – Еуропа чемпионатының финалына қатарынан екінші рет шыққан алтыншы құрама. Оған дейін КСРО  (1960, 1964), Германии (1972, 1976; 1976, 1980; 1992, 1996) және Испания (2008, 2012) құрамалары осындай нәтиже тіркеген еді.

Бұған дейін небәрі 24 футболшы Еуропа чемпионаттарының екі финалында ойнады. Жақында бұл қатарға Джордан Пикфорд, Кайл Уокер, Джон Стоунз, Киран Триппьер, Люк Шоу, Деклан Райс, Харри Кейн және Букайо Сака қосылуы мүмкін.

Харри Кейн Еуроның плей-офф кезеңдерінде соққан голдарының санын 6-ға жеткізіп, француз Антуанн Гризманның рекордын жаңартты. 

Харри Кейн, Англия құрамасының шабуылшысы:

«Финалға барар жол өте ауыр болды, бірақ алда әлі бір матч бар. Барлығыңызға қолдағандарыңыз үшін зор алғыс, команда үшін оның маңызы өте зор. Жартылай финал тым қиын соқты, бірақ біз өте жігерлі ұжым екенімізді тағы дәлелдей алдық».

Төреші

35 жастағы француз Франсуа Летексье финалдық матчқа төрелік етеді.

Ол – 2017 жылдан бері FIFA төрешісі. Ірі форумдарда биыл тұңғыш рет қазылық жасады. Биылғы Еурода Летексье топтық турнирдегі Хорватия – Албания (2:2), Дания – Сербия (0:0), 1/8 финалдағы Испания – Грузия (4:1) матчтарында бас қазы міндетін атқарды.

Финалда Летексьеге отандастары Сириль Мюнье мен Меди Рамуни көмектеседі. 

Дерек

Финалда Англия құрамасы жеңіске жетсе, Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған оныншы команда болмақ. Бұған дейін әр жылдары КСРО, Германия, Италия, Испания, Чехословакия, Дания, Франция, Грекия, Португалия құрамалары топ жарды.

Англия жеңсе, 2016 жылғы Португалиядан кейін Еуроның бас жүлдесін алған екінші жаңа құрама атанады. 

Толығырақ...
Алыптар шайқасы. Испания — Франция матчына превью

Титандардың тағы бір кездесуі. Бұл жолғы майдан — Мюнхенде. «Ла Роха» бұл турнирде жараған аттай көз суырады — испандар бес ойынның барлығында да жеңіске жетті, ал басқа ешбір команда мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Испания соққан доп (11), жасаған соққы (102) және допты қайтарып алу көрсеткіші (230) бойынша алда келеді. Бұл Луис де ла Фуэнте шәкірттерінің қорғаныста да, шабуылда да шебер ойнайтынын айқын аңғартады. 

«Менің ойыншыларым ерекше, — деп шаттанды де ла Фуэнте Германияны 1/4 жеңгеннен кейін. — Әрине, қашанда өсуге кеңістік жетеді, бірақ біз олардың намысын, шеберлігін және шаруасына адалдығын күмән таразысына салмауға тиіспіз». 

Испандар жолында бес матчтың төртеуінде қақпасына гол жібермеген Франция құрамасы тұр. «Үштүстілер» 8 жыл ішінде ірі турнирлердің төртінші финалына шығуды армандайды.

Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте: «Біз осы құрамалардың жартылай финалға қалай шыққанын көріп отырмыз, сондықтан белгілі бір дәрежеде қорытынды да жасай аламыз. Бірақ бұл басқа матч, бөлек ойын. Франция құрамасы сапында тепкені қаза кетпейтін ойыншылар жетерлік, біз олардың ертең де мергендік межесінен жаңылмағанын қаламас едік».

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам: «Испания құрамасы бұл Еурода осы уақытқа дейін ең сапалы футбол көрсетіп келді. Олар әр матч сайын ойын өрнегімен таңдай қақтырады. Испаниялық командалардың барлығы жартылай қорғаныста өте шебер. Олар ойын барысын керемет бақылай алады. Испандардың жартылай қорғаныс шебі әсіресе Родримен бірге өте күшті».

Испания мен Франция бұған дейін 36 рет кездесті, олардың әрқайсысы Еуропа чемпионаттары аясында маңызды жеңістерге де жетті. Мысалы, Франция Испаниядан 1984 жылы (финал) және 2000 жылы басым түсті, ал Испания 2012 жылы, атағын қорғап қалған алғашқы команда болған кезде (үштүстілерді олар ширек финалда тізе бүктірді) басымдық танытты.

Екі құрама Еуро-2024 турнирінде драмаға толы ширек финалдар өткізді. Испандар Германияны қосымша уақытта тұқыртты: жеңіс добын 119 минутта Микель Мерино енгізді. Чемпионат қожайындары негізгі уақыт аяқталуға бірнеше минут қалғанда ғана таразы басын теңестірген еді, ал есепті 51 минутта Дани Ольмо ашқан еді. Франция болса, ширығысқа толы 0:0 есебінен кейін Португалияны пенальтиден жеңді (5:3), сөйтіп, Еуро-2016-ның шешуші матчындағы сәтсіздіктің қарымтасын қайтарды.

Испания — осы маусымда барлық бес матчта да жеңіске жеткен жалғыз команда, бірақ ешбір команда Еуропа чемпионатының бір турнирінде ешқашан алты рет жеңіп көрмеген. Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Де ла Фуэнте шәкірттерінің бабы келісті екенін жақсы түсінеді: 2023 жылдың басынан бері олар 19 матчтың 15-інде қарсыластарынан басым болды. Осы кезеңдегі Испания құрамасы жеңісінің 79% көрсеткіші кез келген еуропалық ел арасындағы үздік жетістік болып саналады. Қос қапталдан керемет шабуылдайтын Ламин Ямал мен Нико Уильямстың ойын өрнегінен шабыттанған Испания кейінгі жеті ойынында қатарынан жеңіске жетті. Соңғы рет олар 2009 жылдың маусымынан 2010 жылдың маусымына дейінгі кезеңде көбірек үздіксіз жеңіске қол жеткізді (10 матч). Ямал осы турнирде Испания құрамасындағы әріптестері үшін 14 мүмкіндік туындатып берді, бұл Еуро-2012 додасындағы Хави дәуірінен бергі (25) испан ойыншысы үшін ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Бұл — Ямалдың өзі үшін де ірі турнирдегі ең жоғары көрсеткіші.

Шабуылдағы осы текетіресті белгілі бір дәрежеде Килиан Мбаппенің бабына қатысты айтуға да болады, ол осы турнирде 20 соққының біреуін ғана пайдаланды — Польша қақпасына 3 минутта пенальтиден доп соқты. Шынында да, «Реалдың» шабуылшысы жалпы алғанда, Еуропа чемпионатындағы 34 мүмкіндігінің біреуін ғана голға айналдырды (3%), ал әлем чемпионатында ол 39 соққыдан 12 гол енгізген еді (соғу коэффициенті 31%). Дешамның қорғаныстағы жетістігін Майк Меньянға телуге болады. Француз қақпашысының осы жарыстағы сейвтер пайызы 94%-ға тең, бұл — бір матчтан артық ойын өткізген қақпашылар арасындағы үздік көрсеткіш. Меньянның тамаша нәтижесі 2012 жылы Испания чемпион атанған кездегі Икер Касильястың дәуірінен бері еуротурнирлерде қақпашылар арасындағы үздік көрсеткіш болып саналады (екеуінікі де 94%). Испания Франциямен ірі турнирлердің жартылай финалдан басқа барлық ықтимал кезеңдерінде кездесіп үлгерді. Испания-Франция матчы Италия-Испаниямен және Англия-Германиямен бір лекте Әлем кубогы мен Еуроның әр кезеңінде ойналатын бар-жоғы үшінші матч болады.

Еурода Франция қорғаныстағы үйлесімді қимыл арқылы нәтижеге жетіп келеді. Франция аса мығым ойын көрсетпейді, бірақ статистикасы — керемет: бес матчта жалғыз ғана гол жіберді. Оның өзі пенальтиден соғылды. Әрине, бұл — 24 құрама арасындағы ең үздік көрсеткіш. Францияға қарсы ойында Испанияға негізгі үш ойыншы көмектесе алмайды: Педри жарақат алды, ал Дани Карвахаль мен Робин Ле Норман айыпталды. Жартылай қорғаныста 1/4 финал қаһарманы, ЕЧ басталғалы 2+2 ұпай жинаған Дани Ольмо ойнайды. Ле Норманды ауыстыратын футболшыны да біз өткен матч кезінде көрдік — бірінші таймнан кейін оның орнын Начо басты. Оң қапталдағы негізгі қорғаушы біреу ғана қалды, ол — 38 жастағы Хесус Навас.

Испания — Франция матчын тікелей эфирде Qazsport телеарнасы көрсетеді. Матч 23:50-де басталады.

Толығырақ...
Унай Симон – әлсіреген Испания қорғанысының басты үміті

Испания Францияға қарсы жартылай финалда қорғаныстағы қиындықтарына қарамастан ойнауы керек. Робен Ле Норман Еуропа чемпионатында сары қағаз көп алуына байланысты, ал Дани Карвахаль Германияға қарсы матчта алаңнан қуылуы себепті жартылай финалға қатыса алмайды. 

Мұндайда испан елі Унай Симонға үміт артты. Құрамында ылғи жұлдызды қақпашылар бой көрсететін Испанияның соңғы кездегі ерекшелігі де сол – Симонды әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың қатарына қоса алмаймыз.

Унай Алавадағы Мурхия ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл Баск Елінің оңтүстігінде орналасқан. Тиісінше Симон футболдағы ғұмырын “Атлетик Бильбаомен” байланыстырды. Алғашында шабуылда ойнап көрген.

“Бала кезімде гол соғып, оны түрлі-түрлі тойлауды ұнататынмын. Менен мықты шабуылшы шығар ма еді, тек еріншектігім құртты. Бапкер ойында белсенді болмағанымнан, бойымның ұзын екенін сылтауратып, мені қақпаға қойды. Допты қайтарамын деп, ұшып құлау маған қатты ұнап қалды. Тек әр матчтан кейін анашым жейдемді жуып тұруға қиналатын болды” – дейді Симон.

 

Голкипер Ла Лигадағы алғашқы матчын 2018 жылдың тамызында өткізді. 21 жастағы қақпашы құрамнан ойып тұрып орын алды. Симонға сәттілік те серік болды. “Атлетиктің” сол шақтағы негізгі қақпашысы Кепа Аррисабалаганы Лондондағы “Челси” клубы рекорд саналған 80 млн еуроға сатып алды. Екінші қақпашы Яго Эррерин жарақат алып қалды.

“Басында бас бапкер Бериццо маған сенім артпады. Сондықтан басқа клуб іздеуге көштім. Тіпті “Эльчемен” келісімге де келіп үлгердім. Енді кетейін деп жатқанымда, Кепа “Челсиге” ауысқанын естідім. Сосын Яго да жарақат алып қалды. Ұят та болса айтайын, жағдай осылай өрбігеніне қатты қуандым” – деп сол кезді Унай күліп еске алады.

 

Унай үшін көшбасшылардың жоқтығы таптырмас мүмкіндік болды. Сөйте тұра, баскілік қақпашы 7 матчта 13 гол өткізіп алды. Эреррин жарақатынан айығып, ойынға қайта оралғанда, бәрі қуанды. Симон, үмітті ақтай алмай, қосалқы құрамда қалды.

Екінші мүмкіндігін Симон мүлт жібере қоймады. Эрерриннің ойыны күрт нашарлағанда Унай орнын басуға дайын тұрды. Сөйтіп, 2019/2020 жылдардағы маусымды негізгі қақпашы ретінде бастады. “Барселонаға” қарсы ойында гол өткізбей, жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді.

“Унай мықты ойнап кетті. Тіпті Кепаның жоқтығын ұмытып та қалдық. Жас та болса, қысымға шыдап, суырылып шыққанына ырзамын” — деп “Атлетиктің” бұрынғы қақпашысы Горка Ирайсос қуанышын жасырмады.

 

Осыдан бес жыл бұрын “Атлетикте” негізгі қақпашы атанған Унай Симон, содан бері білігіне шүбә келтірмеді. 170 матчта баскілердің қақпасын қорғады.

Унай Испанияның барлық құрамында (U-16, U-19, U-21) ойнаған. Олимпиада да өнер көрсеткен, 2015 пен 2019 жылдары жастар арасындағы Еуроны да жеңген.

Ұлттық құрамада бір уақытта Касильяс, Рейна, Вальдес сияқты мықтылар ойнаған заман артта қалды. Ізбасарлары Де Хеа мен Кепа Испания жейдесінде клубтағы деңгейін көрсете алмады. Оған қоса, қазіргі қақпашылардан сұрайтын бірнеше критерийлерге сай келмеді. Испанияның бас бапкері Луис Энрике аяқпен сенімді ойнайтынды іздеді.

Энрикенің көзі Симонға түсті. Таңдауы қисынсыз көрінген. Өйткені Унай “Атлетикте” аяқпен шебер ойнайтын қақпашы емес-ті. Дегенмен Луис бапкер оны құрамаға шақыртып, жеке дара жаттығулар өткізді. Жас футболшы бас бапкердің талаптарын бірден үғып алды. Симонның жарқырауына Энрике тікелей септігін тигізді.

Симон Испания сапындағы алғашқы матчын 2020 жылы 11 қарашада Нидерландқа қарсы өткізді. 8 айдан кейін Еуро 2020 турниріне қатысты. Еуропа біріншілігі 2021 өткені де Унай үшін жақсы болған екен. О кезде Кепа “Челсиде” құлдырап, Де Хеа “Манчестер Юнайтедтегі” орнын Дин Хендерсонға беріп қойған. Еурода Симон Швейцарияға қарсы матчта ерледі. Луис Энрикенің үмітін ақтады. 2022 жылғы Әлем чемпионатына барғаны да заңдылық іспетті.

Биылғы Еуроға Испанияны Энрике емес Луис Де ла Фуэнте жасақтады. Жаңа бапкер біраз өзгеріс әкелгенімен, Унайдың кандидатурасына күмән келтірмеді. Онымен таласа алатын Испанияда қақпашы да қалмады.

Симон ауыр жүкті абыроймен көтеріп келеді. Тіпті жарақатына да мән бермейді. Білегі ауырсынатынына қарамастан Германия алаңдары айрықша ойын үлгісін көрсетіп жүр. “15 шілде күні дәрігерге қаралып, қолымды емдеп аламын. Бұл туралы мен финал біткен соң ғана ойланамын” — деді Симон.

Ал сол финалда Унайды ойынын көреміз бе? Францияға қарсы матчта жан алысып, жан беруі керек. 

Толығырақ...
Испания — Германия: финалдан да артық матч!

Испания мен Германия құрамаларының жолдары ерте түйісті. Олар ЕУРО 2024 финалында ойнауға әбден лайық. Бірақ Луис де ла Фуэнтаның командасы немесе Юлиан Нагельсманның ұжымы жарысты ширек финалдан кейін-ақ тәмамдайды. Еуропа чемпионатының ең қызық матчында кім жеңіске жетеді? Soqqy.com редакциясы Испанияны фаворит ретінде көреді және сізді қазіргі «Фурия Рохамен» жақынырақ таныстырады.

Испания — Германия

5 шілде 21:00

Qazsport

Әлімжан Асқар, Дидар Қадыров

Испандарды кім жаттықтырады? Луис де ла Фуэнте Испания құрамасының бұрынғы ұлы бапкерлерінің ізін басуға және өз елін тағы да даңқ төріне шығаруға тырысады. «Атлетиктің» қосалқы құрамында бірнеше жыл жұмыс істеген соң, 2013 жылы ол жергілікті футбол қауымдастығына ауысты. Сөйтіп, U19, U21 және U23 құрамалары арқылы 2022 жылдың желтоқсанында ұлттық құрама бас бапкері лауазымына дейінгі барлық жолды басып өтті.   

Негізгі ойыншы: Родри. Жартылай қорғаушылардың үнемі жұрт назарында жүретін шағы сирек, дегенмен Родриді дәл қазір әлемнің үздік ойыншысы деуге болады. Табиғатынан дарынды, денелі және өліспей беріспейтін хавбек дер шағында, тәжірибесі де өте бай. Родри «Ман Ситидің» зор жеңістеріне бой үйреткен және құрамадағы әріптестеріне ісімен де, сөзімен де үлгі болуға дайын.  

Кімге назар аудару керек: Ламин Ямалға. Сіз испандарға жанкүйер болсаңыз да, болмасаңыз да, жаңа буынның ерекше талантты өкілі Ямалды көзден таса етпегеніңіз дұрыс. Еуро финалы қарсаңында ол небәрі 17 жасқа толады, солай бола тұра, ол турнирді Испания құрамасы сапындағы алты матчымен, екі голымен және екі гол пасымен бастады. Ямал клуб пен құрама үшін 50-ден астам матч өткізді, өзін тәрбиелеген «Барселонада» әдетте оң қапталға жауапты солақай ойыншы ретінде өнер көрсетеді және ең дарынды жастың бірі болып саналады. Еуро-2020 турнирінде Педридің жұлдызы жарқыраса, Германиядағы Еуропа чемпионаты Ямалдың жұлдызды сәті болуы ықтимал. 

Испания Еуро-2024-ке қалай шықты? Испаниямен салыстырғанда, Германия ғана Еуроның финалдық кезеңдеріне жиірек қатысты. Германияға жолдаманы испандар 15 қазанда Ослода Норвегияны бір доп айырмасымен қапы қалдырған соң жеңіп алды. Луис де ла Фуэнтенің командасы Еурода төртінші, яғни рекордтық жеңісіне қол жеткізуге тырысады. Бұл көрсеткіш бойынша қазір испандар немістермен бірінші орынды бөлісіп тұр.

 Мората капитандық белгі туралы: Бұл – ерекше мақтаныш сезімі. Туыстарым Испанияның Еуродағы соңғы екі жеңісінің біреуін иеленген 2008 жылғы менің суретімді жиі жолдайды. Мен жеңісті тойлаған адамдарға лық толы алаңда болдым. Құрама сапында ойнай бастағанда, күндердің күні үздік мергендер қатарында болуды немесе капитан атануды үнемі армандайсың. Ақырын жүріп, анық баса отырып, мен осы екі мақсатыма да жеттім.

Толығырақ...